Дәрістер топтамасы
БЕЙНЕ НҰСҚА | АУДИО НҰСҚА
Аллах Тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтаулар, және Пайғамбарымыз ﷺ болсын.
Құранда Аллах Тағала:
«Біз сені тек қана рақым және мейірім Пайғамбары етіп жібердік», дегендей мейірімді Пайғамбарымыз Мұхаммед ﷺ Аллах Тағаланың сәлемі мен игілігі болсын.
Мінекей, Рамазанның соңғы күндерінде отырмыз.
Жалпы, Рамазанның соңғы 10 күні бізді тозақтан құтқаратын мейірімді күндері болып есептеледі. Жалпы, Алланың Мейірімі, Рақымы турасында Құранда көптеген жерде, тіпті әр бетте кездеседі десек те қателеспейміз. Аллах Тағала Өзінің Рақымды, Мейірімді екендігін айтып кеткен.
Оған дәлел ретінде «Фурқан» сүресіндегі Аллах Тағаланың:
«Алла Тағала сондай Аса Кешірімді және Мейірім Иесі», десе, келесі «Әнғам» сүресінде:
«Алла Тағала расында, шынайы Кешіруші және Рақым, мейірім Иесі».
«Кәхф» сүресінде:
«Раббыларын сендердің Аса Кешірімді. Қандай күнә жасасаңдар да, Аллах Тағалаға қайтып тәубе қылатын болсаңдар, Аллах Тағала кешіреді және Аллах Тағала Рақым Иесі», деп Аллах Тағала Өзің Құранда осылай сипаттаған.
Басқа бір аятта:
«Аллах Тағала Рақым, Мейірімділігімен қалаған пендесін кешіреді».
Аллах Тағала өте Рақымды, Мейірімді.
Пайғамбарымыз ﷺ Аллах Тағаланың Рақымдылығы мен Мейірімділігі жөнінде өзінің бір хадистерінде айтады:
«Аллах Тағала Мейірімді, рақымды 100-ге бөлді. Соның бір бөлігін жер бетіне түсіріп, қалған 99 Өзіңде ұстап қалды. Міне, сол бір бөлігімен жер бетіндегі барлық жаратылыс бір-біріне рақым етеді. Тіпті жылқының өзі құлыншағын басып кетпейін деп, туған кезде тұяғын көтеріп тұрады. Тіпті хайуанға, барлық жаратылысқа Алланың берген Рақымы, Мейірімі».
Мінекей, бұл Аллах Тағаланың жер бетіне түсірген 100 рақымының бір бөлшегі ғана. Ал Аллах Тағала Өзіне сол 100-ның 99-ын иелік етіп алып қалған. Яғни, Аллах Тағаланың рақымы мен мейірімі шексіз болып есептеледі.
Тағы бір мысал айтатын болсақ, Пайғамбарымыз ﷺ бір күні сахабаларымен көше бойында кетіп бара жатқанда, бір әйелдің баласын қуалап бара жатқанын көреді. Себебі әлгі бала арбаның дөңгелегіне қарай жүгіріп бара жатады. Ана байғұс шырылдап, аналық мейірімділігімен баласының артынан жүгіріп, баланы арбаның астына түсуден аман алып қалады. Сонда, сырттай қарап отырған Пайғамбар мен сахабалары таңғалып, сахабалар Пайғамбарымызға ﷺ сұрақ қояды: «Уа Алланың Елшісі. Мына ана байғұсты қараңызшы.
Баласы үшін шырылдап, жүгіріп барып, баласын арбаның астына түсіп кетуден қорғап жатыр. Баласына мейірімділігі соншалықты. Енді сондай ана өзінің баласын отқа тастай алады ма?», деп сұраған кезде, Пайғамбарымыз ﷺ: «Әлбетте жоқ. Және Аллах Тағала бұл анадан да Мейірімді».
Яғни, қайсыбір пенде Аллаға жалынып, жалбарынып, Алланың Барлығын, Бірілігін мойындап, Аллах Тағаланың тыйғанынан тыйылып, бұйырған бұйрықтарын орындайтын болса, ол пендені де Аллах Тағала ешқашан отпенен азаптамайды, деген секілді Пайғамбарымыздан ﷺ хадис келеді.
Енді, бұл Аллах Тағаланың Мейірімі мен Рақымы болса, жана айтқандай, Аллах Тағала жер бетіне тек бір бөлшегін түсірген. Сол бір бөлшегімен жаратылыстар бір-біріне мейірленеді, рақымын көрсетеді. Және қасиетті шариғатымыз да адамдардың бір-біріне мейірімді болуына шақырады. Пайғамбарымыз ﷺ:
«Кімде-кім рақым мен мейірім етпесе, оған Аллах Тағала тарапынан рақым мен мейірім көрсетілмейді».
Пайғамбарымыз ﷺ бір күні өзінің Хасан деген немересін құшақтап, мейірленіп отырған кезде, алдында Аль Акра ибн Хабис Ат-Тамими деген бір кісі отырады. Сол кісі Пайғамбарымыз ﷺ жасап жатқан ісін көріп, қатты таңқалады.
Себебі, ол кезде ислам жаңадан келген кез. Кейбір арабтар, қауымдар надандық кезеңінен әлі шыға қоймаған. Надандық дәуірінде ата-ананың балаға деген мейірімі өте аз болған, тіпті жоқтың қасы болған. Кейбір әкелер өзінің баласын сүю былай тұрсын, құшақтап, бауырына басуға да арланатын болған .
Мінекей, сондай кезде Пайғамбарымызды ﷺ Аллах Тағала:
«Біз сені рақым, мейірім Пайғамбары етіп жібердік», деп Өзінің Елшісін жібереді.
Сол кезде, әлгі алдында отырған Аль Ақра ибн Хабис Ат-Тамими деген кісі Пайғамбарымыз ﷺ жасаған амалын көріп: «Уа, Алланың Елшісі, Алланың атымен айтайын, мен осы уақытқа дейін өзімнің баламды бір бауырыма қысып, сүйіп көрмеген екенмін», деп айтқан кезде, Пайғамбарымыз ﷺ: «Кімде-кім мейірім екпесе, Аллах Тағала оған Мейірімділік көрсетпейді», деген екен.
Және ,басқа хадистерінде, Пайғамбарымыз ﷺ:
«Жер бетіндегілер бір-біріне рақым етіңдер, мейірім көрсетіңдер. Сол кезде сендерге де аспандағы періштелер рақымын көрсетеді, сендерге мейірімді болады», деген екен.
Тағы бір басқа хадисінде Пайғамбарымыз ﷺ:
«Кімде-кім рақымдылардан болса, Мейірімді болған Аллах Тағала Өзінің Мейіріміне алады», дейді.
Енді бір атақты, әйгілі хадиске тоқтайтын болсақ. Шөл далада, бір ит өлім ауызында жатқан кезде, жөзекше бір әйел жанынан өтіп бара жатып, әлгі итке қарап, иттің олай өлуін қаламай, қасында тұрған құдыққа барып, ыдыс таппаса да, өзінің аяқ киімін шешіп, құдыққа түсіп, құдықтан су алып итке беріп еді, әлгі күнәхар әйелдің өзі, осы жасаған амалы үшін оған тозақ оты харам болды, Жәннәт уәжіп болды, деген Пайғамбарымыз ﷺ.
Мінекей, бұл хадистен алатын пайдамыз, тіпті хайуанның өзіне жасалған мейірім мен рақымның қарымын Қияметте пенде көреді. Тіпті сол бір амалы үшін Аллах Тағала оның бүкіл күнәларын кешіріп, Жәннәтқа кіргізуі әбден мүмкін.
Бірде, Айша анамызға өте жұпыны киінген, міскін, пақыр, өте кедей бір әйел кісі, жетегінде екі қызымен келіп, Айша анамыздан қайыр сұрап, бір жұтым ас сұраған екен. Ол кезде кедей-кепшіктер өте көп болған. Айша анамыз үйінен үш құрма алып шығып, қолына ұстатады. Сол кезде анасы бір құрмасын оң жағындағы қызына беріп, екінші құрманы сол жағындағы қызына беріп, үшінші құрманы жейін деп тұрған кезде, ашыққан қыздар қомағайланып, құрманы бірден жеп, үшінші құрмаға қарап тұрады. Ана байғұс екі қызына қарап, мейірленіп, жаны ашып, өзінің қарны аш болса да, құрманы ортасынан бөліп екі қызына береді. Сол кезде Айша анамыз бұл кісіге қатты таңырқайды. Пайғамбарымыз ﷺ келген кезде осы жағдай жайлы айтады. Сол кезде Пайғамбарымыз ﷺ: «Алланың атымен айтайын, ол кісіге тозақ оты арам болды да, Жәннәт міндет болды», деп айтқан екен.
Құрметті жамағат, біз осындай мейірімді, рақымды, кімде-кімге көрсететін болсақ, осы амалымыз себепті, Аллах Тағала біздің бүкіл күнәларымызды кешіреді, тозақ отына арам етеді, және сол амалымызбен бізге Жәннәтты нәсіп қылады. Жоғарыда мысал ретінде мейрім жайлы бірнеше хадистер айтылды. Мысалы, Жүсіп Баласағұн бабамыз сол хадистерді бір өлең шумақ қатарына айтып, тізіп кеткен:
«Кір тигізбей ұстай ойының өрісін,
Мейірім етсең, Мейірімділік көресін», деген екен.
Құрметті жамағат, ұстаған оразаларымыз қабыл болсын. Осы соңғы күндерде барынша бір-бірімізге мейірімді болайық, рақымдылық етейік. Аллах Тағала тыңдап білгендерімізге амал етуімізді нәсіп етсін.