Дәрістер топтамасы
Құрметті мұсылман қауымы, жамағат, бауырлар! Мына Ораза айы баршамызға мүбәрәк болсын. Ораза ұстағандардың Аллаһ Тағала оразасын қабыл етіп, Өзі уәде еткен сауаптан баршамызды мақрұм қалдырмасын.
Бүгінгі біздің уағызымыздың тақырыбы, хәкім, дана Абай атамыздың:
«Талап, еңбек, терең ой
Қанағат, рақым ойлап қой.
Бес асыл іс көнсеңіз», деген тақырып төңірегінде болмақ.
Жалпы, біздің осы Абай атамыз айтпақшы, адамның бойында қажет болған бес қасиетті меңзеп отыр. Осы бес қасиетті дінімізде қуаттап, әрбір момын адамның бойында болуы керек сипат деп қарастыруымызға болады.
Бес асыл істің біріншісі – талап, еңбек. Бұны біздің дінімізде құптайды. Абайдың айтпақ болғаны:
«Адам баласы дүниеге келгеннен кейін жақсы еңбек етіп, өмір сүруі керек».
Аллаһ Тағала Құран Кәрімде айтады:
«Я Алла, Раббым, бізге осы дүниеде және ақіретте жақсы өмір бер».
Яғни, осы дүние мен ақіреттің жақсылығын сұраған аяттан, адам баласының тек ақіреті үшін ғана емес, сонымен қатар осы дүние үшін де амал етуді біз көреміз. Сондай-ақ, Құраннан амал етуге байланысты, талапқа байланысты көптеген аяттарды келтіруімізге болады. Солардың бірі, «Мүлік» сүресінің 15-аятында Аллаһ Тағала былай деп келтіреді:
«Ол сондай Алла жерді адам баласының игілігіне тәуелді етті» (67:15)
Яғни біз жерде не істесек те ол көнеді, төзеді.
«Олай болса, осы жердің айналасында жүріңдер және рызық-несібелерінді іздеңдер. Және оған қайтып ораласыңдар» (67:15)
Осы аяттан, Аллаһ Тағаланың бізді еңбек етуге, амал етіп рызық-несібемізді іздеуге шақырып жатқандығын көреміз. Абайдың бес асыл істің біріншісі – талап, еңбек дегендігі де осыдан шыққан.
Енді, талап, еңбек дегеннен біз адамның дүниелік іс-әрекетін көреміз. Адам еңбектенуі, ізденуі керек. Алайда, «талап, енбек, терең ой» дегенде, неліктен Абай «терең ойды» айтып жатыр? Адам баласы жан-жануар секілді дүние үшін ғана күн көрісі болып қалмауы керек. Адам болғаннан кейін терең ойлауы керек: «Қайдан келдік? Не үшін келдік? Қайда барамыз?». Аллаһ Тағала Құран Кәрімде айтады:
«Біз Адам баласын ардақты еттік» (17:70)
Демек, адам баласының ардақты болуы - ақылдың берілуінде. Абай атамыз бір сөзінде айтады:
«Ақылдыға иман парыз, имандыға шариғат парыз».
Міне, шариғатымызда, дініміздегі ақылдың орнын Абай атамыз ашық, айқын көрсетіп отыр.
«Қанағат, рақым ойлап қой». Адам баласына қажет болған сипаттардың бірі – қанағат. Қанағат – ол тақуалықтан.
Али (р.а.)-дан: «Тақуалық дегеніміз не?», деп сұрағанда, Али (р.а.) былай деп жауап берді:
«Тақуалық дегеніміз Алладан қорқу, Құранға амал ету, ақірет күніне дайындалу және барынша қанағат тұту».
Қанағат дегеніміз – мейірімділік, рақымдылық. Аллаһ Тағала Құран Кәрімде былай дейді:
«Ей Мұхаммед, сені бұл әлемге рахым етіп жібердік» (21:107)
Міне, Пайғамбарымыздың келуі де, бұл әлемге жіберілуі де мейірімділік үшін. Олай болса, қанағатшылдық, мейірімділік, кешірімді болу Абай айтып отырған бес асыл іс осы екен. Осы бес істі біз жаттап, бойымызға сіңіре білуіміз керек, құрметті мұсылман бауырлар, жамағат. Қайталап айтатын болсақ:
«Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым ойлап қой».
Талап етуіміз керек, еңбек етуіміз керек. Алайда, өзіміздің кім екендігімізді ,қайдан келгендігімізді, не үшін келгендігімізді, қайда баратындығымызды білуіміз керек, ойлануымыз керек, Алланың хиқметін сезінуіміз керек. Сол үшін «терең ой» деп айтып жатыр.
«Қанағат, рақым» адам бойында болуы тиіс екі үлкен сипаттың бірі.
Олай болса, құрметті ағайын, ардақты жамағат! Осы бес қасиетті бойымызға сіңіріп, Абай атамыз айтқан осы бес асыл істі қабыл алайық.
سبحانك و بحمدك، نشهد أن لا إله إلا أنت، نستغفرك و نتوب إلي