«УАҒЫЗ АЙТУДЫҢ МӘДЕНИЕТІ МЕН ӘДЕБІ» ЖАЙЛЫ ДІН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ СЕМИНАР ӨТТІ
Алматы қаласы Әуезов аудандық Ақсай мешітінде жылдық жоспарға сәйкес «Уағыз айтудың мәдениеті мен әдебі» тақырыбында ауданға қарасты барлық дін қызметкерлеріне арналған семинар өтті.
Аталған шараны аудан имамы Серікхан қажы Рымханұлы ашып, жиынның маңыздылығына тоқталды. Ол өз сөзінде қазіргі қоғамдағы имамдардың жауапкершілігі, уағыз айтудағы көркем мінез бен парасаттылықтың орны ерекше екенін атап өтті.
Семинар барысында Алматы Орталық мешітінің наиб имамы Бекзат қажы Оқапұлы арнайы лекция оқыды. Ол Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының дін қызметкерлеріне арналған этикалық талаптары, уағыз айтудың әдебі мен орны, сондай-ақ қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелерді жеткізудегі ұқыптылық пен жауапкершілік жайында кеңінен баяндады.
Сонымен қатар, Алматы Орталық мешітінің ұстазы Назар қари Сұлтанбай да мазмұнды дәріс оқып, Құран аяттары мен хадистер негізінде уағыз айтудың рухани маңызы мен әсері жайлы терең түсіндірме берді.
Спикерлер уағыз барысында шариғат талаптарына сай сөйлеу мәдениетін сақтау, жамағатқа әсер етудің тиімді жолдары, сондай-ақ заманауи ақпарат кеңістігінде дұрыс бағыт ұстанудың маңыздылығына ерекше тоқталды.
Шара соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, ұсыныстарын білдірді. Семинар дін қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға және уағыз мәдениетін жетілдіруге бағытталған маңызды басқосу болды.





