ТҮРКСІБ АУДАНЫНДА ИМАМДАРҒА СЕМИНАР ӨТТІ
Алматы қаласы Түрксіб ауданында дін қызметкерлерінің қатысуымен «Уағыз айтудың әдебі мен мәдениеті» тақырыбында және ҚМДБ қабылдаған концептуалды құжаттарды түсіндіру және талқылауға арналған семинар өтті.
Семинарды Түрксіб ауданының бас имамы Абдраманов Ержан Үсенханұлы ашып, жиынның маңыздылығына ерекше тоқталды. Ол өз сөзінде бүгінгі қоғамда имамдардың рөлі айрықша екенін атап өтіп, уағыз барысында сабырлылық, даналық және көркем мінез көрсету аса маңызды екенін жеткізді. Сонымен қатар, дін қызметкерлері халыққа дұрыс бағыт-бағдар беріп, ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерді дәріптеуде белсенді болуы керектігін айтты. Аталған шараның басты мақсаты – имамдар мен діни қызметкерлердің уағыз айту мәдениетін жетілдіру, халықпен жұмыс барысында жауапкершілікті арттыру және діни насихаттың мазмұнын байыту болды. Семинар спикері Алматы орталық мешітінің наиб имамы Сыздықов Бекзат Оқапұлы уағыздың мазмұны терең, түсінікті әрі тыңдаушыға әсерлі болуы тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ, қазіргі қоғамдағы түрлі діни ағымдар мен ақпараттық кеңістіктегі өзгерістерді ескере отырып, имамдардың білімін үнемі жетілдіріп отыру қажеттігін айтты. Жиын барысында қатысушылар өзара пікір алмасып, тәжірибе бөлісті. ҚМДБ бекіткен концептуалды құжаттардың діни қызметті жүйелеудегі, қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті нығайтудағы рөліне ерекше тоқталды. Наиб имам аталған құжаттарда дін қызметкерлерінің негізгі бағыт-бағдары айқындалғанын атап өтіп, күнделікті жұмыс барысында осы құжаттарды басшылыққа алу маңызды екенін жеткізді. Сондай-ақ, ол діни қызметтің бірізділігін қамтамасыз ету, дәстүрлі ислам құндылықтарын насихаттау және қоғаммен тығыз байланыс орнату мәселелеріне назар аударды. Кездесу барысында қатысушылар өз ой-пікірлерін ортаға салып, тәжірибе алмасты. Семинар соңында қойылған сұрақтарға жауап беріліп, алдағы уақытта да осындай мазмұнды іс-шараларды жиі өткізу қажеттігі айтылды.






