Шешенстанда полиция қызметкері мен жергілікті тұрғын терезеден салбырап тұрған баланы құтқарып қалды (ВИДЕО)
Azan.kz : Шешенстанның ІІМ басшысы Руслан Алханов 6 жасар баланы көпқабатты үйден құлап кетуден сақтап қалған полиция қызметкері мен жергілікті тұрғынға ведомстволық марапат пен алғыс хатын табыстады.
Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
31 шілдеде сағат 16:00 шамасында көшелерді патрульдеу барысында Грозный қаласындағы патрульдік-күзет қызмет полкының полицейі Адам Жамаевқа жас келіншек жүгіріп келіп, В.В.Путин даңғылындағы Сән үйінің бесінші қабатында кішкентай баланың құбырға ілініп тұрғанын және кез-келген уақытта құлап кетуі мүмкін екендігін жеткізген.
Жабық ғимаратта қалып қойған балақай есіктің жабылып қалуы себепті терезеден шығып, құбыр арқылы төменге түспек болған.
Полиция қызметкері Адам Жамаев еш ойланбастан баланы құтқаруға ұмтылған. Көмек сұрап шақырған дауысқа бесінші қабатта болған Аслан Динаев та үн қатқан. Көрші үйдің терезесі арқылы өтіп, олар бір-бірін сақтандыра отырып баланы құтқарып алған.
Шешенстан Республикасының ІІМ басшысы Руслан Алханов Адам Жамаев пен Аслан Динаевқа баланы аман алып қалғандары үшін ведомстволық марапат мен Алғыс хатын табыстады.
«Осындай балаларды құтқару оқиғаларында бірінші болып көмекке келетін адамдардың ерліктері шынайы алғыс пен таңдануды туғызады. Сіздерге баланы аман алып қалғандықтарыңыз бен жанкешті және игі әрекеттеріңіз үшін алғыс білдіремін. Бұл - бүкіл республикамыздың тұрғындарына жарқын үлгі», - деп атап өтті Руслан Алханов.