Серікбай қажы Ораз Шешенстанның мүфтиімен кездесті (ФОТО)
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз Мəскеу қаласында өткен «Ислам – мейірімділік пен бейбітшілік жаршысы» атты халықаралық ғылыми-тəжірибелік конференция аясында Шешенстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі, мүфти, шараны ұйымдастырушылардың бірі Салах қажы Межиевпен кездесті. Кездесуге ҚМДБ төрағасының Бірінші орынбасары, Астана қаласының Бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы қатысты.
Ресми басқосуда бауырлас елдердің діни саладағы әріптестік байланысы, ынтымақтастық аясын кеңейту, дін қызметкерлерінің әлеуетін жан-жақты көтеру, т.б. мәселелер сөз болды.
Сонымен қатар, Мəскеу қаласында өткен «Ислам – мейірімділік пен бейбітшілік жаршысы» атты халықаралық шараның мақсаты мен міндеттері сөз болды. Өз кезегінде Бас мүфти Серікбай қажы Ораз айтулы басқосуды жоғары деңгейде ұйымдастыруға ықпал еткен Салах қажы Межиевке алғысын білдірді.
Басқосуда тараптар бүгінгі мұсылман үмбетінің бірлігі, дінаралық диалог пен өзара келісімнің келешегі, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мейрімділікке негізделген жолы, т.б. мәселелер төңірегінде пікір алысты.
Кездесу соңында қос елдің мүфтиі бауырмалдық байланысты нығайту бойынша келісім жасап, осы бағыттарда бірқатар уағдаластыққа қол жеткізді.