Жүзім жапырақтарынан өнер туындысын жасайтын суретші қыз
Газа Секторының орталық бөлігіндегі Нусейрат босқындар лагерінде тұратын 21 жасар Лин Әлхадж жүзім жапырақтарына сурет салып, әдемі картиналар жасайды.
Газадағы Ислам университетінің психология факультетінде білім алатын Әлхадж өзінің картиналарында табиғатты бейнелейді, мысалы жұлдыздар мен ай бедерленген түнгі аспан, көл бетіне түскен күн сәулесі, ағаштар, сарқырамалар және басқа да көріністер.
«Бірде мен үйіміздегі жүзімнің ағашына қарап отқанымда жапырақтарына сурет салуға шабытым оянды», - дейді Әлхадж. Сондай-ақ ол бірегей әрі қайталанбас суреттерін салу барысында көптеген әлемдік суретшілердің жұмыстарын бақылағанын атап өтті.
«Жүзім – палестиналық өсімдік, және де ол біздің мәдениетіміз бен біздің араб әлемімізге ұқсайды. Мен осы мәдениетті суреттерім арқылы жандандырғым келеді», - деп суретші неліктен өз жұмыстары үшін жүзім жапырағын таңдағанын түсіндірді.
Бір жұмысқа суретші шамамен үш сағат жұмсайды. Әлхадждың айтуынша, сурет салу оған барлық психологиялық қиындықтарын ұмытуға көмектеседі екен.
«Сурет салу жай хобби ғана емес, бұл суретші үшін психологиялық терапия, әсіресе қоршауда қалған, электр энергиясы сөнген, суы ластанған, дәрі-дәрмектері жеткіліксіз сынды қиын жағдайдағы Газа Секторында оның маңызы тіпті зор», - дейді ол.
Сарапшылардың айтуынша Газа Секторының тұрғындары ауыр саяси, экономикалық және әлеуметтік ахуалдан зардап шегуде, бұл олардың психикалық саулығына теріс әсер етеді.
Психологтар 2007 жылы енгізілген израилдік блокаданың зардабынан қиындаған жағдайларға байланысты Газа Секторы тұрғындарының арасында депрессия мен психикалық ауытқулардың көрсеткіштері жоғары болуына алаңдайды.
Палестиналық ресми статистикаға сенсек, ауыр тұрмыс жағдайының салдарынан ересектер арасында депрессия, психикалық торығулар мен есірткіге тәуелділік деңгейі біршама жоғарылаған.
Газа Секторы тұрғындарының психикалық денсаулығын қорғау бағдарламасының 2018 жылы жариялаған статистикасына сәйкес психикалық денсаулық орталықтарына барған адамдардың 22 % ұнжырғасы түскен, ал 26% -ның алаңдауға тұрарлық ауытқулары байқалған.
Әлхадждың отбасы қыздары сурет салуды бастағаннан-ақ оған қолдау көрсетіп келеді және ол болашақта көркем сурет көрмесіне қатысудан үмітті.