«ҚҰДАЙЫ АС - ЖАРЫС ЕМЕС, САУАП» МҮЗӘММИЛ МЕШІТІНДЕ СЕМИНАР ӨТТІ
Әуезов ауданы Мүзаммил мешітінде «Құдайы ас – жарыс емес, сауап. Той – тәрбие мен тағылымның ордасы» тақырыбында тағылымды семинар өтті.
Семинарға арнайы Әуезов ауданының бас имамы Серікхан Рымханұлы, ҚМДБ Әйел-қыздар секторы Алматы қаласы бойынша жауапты маманы Гүлмира Ілісбайқызы және мешіттің бас имамы Жұманәлі Аманов қатысты. Сонымен қатар кездесуге мешітінің жамағаты қатысып, тақырып төңірегінде маңызды ойлармен бөлісті.
Қазақ халқының салт-дәстүрі – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан рухани мұра. Дәстүрдің түпкі мақсаты – адамды жақсылыққа тәрбиелеу, үлкенді құрметтеуге, кішіге ізет көрсетуге, ағайын арасындағы бірлікті сақтауға үндеп, қоғамның адамгершілік негізін нығайту. «Құдайы ас – жарыс емес, сауап» және «Той – тәрбие мен тағылымның ордасы» деген екі тақырыптың астарында бүгінгі қоғам үшін аса маңызды мәселелерді жеткізді. Дәстүрдің сыртқы көрінісінен бұрын оның мәні мен мақсатын түсіну маңызды екенін айтты.
«Қазақта «Той – халықтың қазынасы», «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген ұғымдар бар. Той – тек қуаныш бөлісетін дастархан емес. Ол – адамдардың басын қосатын, ағайынның арасын жақындататын, жастарға өнеге көрсететін үлкен әлеуметтік орта. Сондықтан тойдың тәрбиелік мәнін жоғалтпау – баршамызға ортақ міндет», - деп атап өтті ауданның бас имамы Серікхан Рымханұлы.



