DINTELLECT ЗИЯТКЕРЛІК БІЛІМ САЙЫСЫ ӨТТІ
ҚМДБ Алматы өкілдігі Жастар ісі секторының ұйымдастыруымен діни тақырыптағы DINTELLECT зияткерлік сайысы өтті.
Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлы Орталық мешітте өткізілген сайысқа қатысып, жас шәкірт жамағатқа сәттілік тілеп батасын берді. Зияткерлік сайысын ҚМДБ «Жастар ісі» секторының меңгерушісі Әділет Көпенов жүргізді. Қала мешіттерінің жастар жамағатынан құралған 12 топ қатысып, өзара бақ сынасты. Мешітке келіп ұстаз алдынан тәлім алып жүрген жас жамағат сайысы төл тарихымызды зерделеу, ислам құндылықтарын бойына сіңіру жолымен ұлттық сананы жаңғырту мақсатында білмдерін шыңдау болып табылады.
«Сайыста діни тақырыптағы сұрақтар фикһ, ислам тарихы, ақидамен қатар қазақы салт-дәстүрлер, туған өлкені зерттеп-тану бағытындағы зейінділігі мен зияткерлік әлеуетін саралауға арналады», - деп атап өтті Алматы өкілдігі «Жастар ісі» секторының жауапты маманы Тимур Әлиев. Дін қызметкерлері мен ұстаздардан құралған әділ-қазы алқасы қатысушылардың білімі мен зейінін бағалады. 6 турдан құралған сайыс қорытындысында Алматы Орталық мешіті атынан түскен топ білімі мен зейіні оза шауып, жүлделі 1-орын және қаржылай 100 000 теңгені қанжығасына байлады. 2-орын 50 000 теңге Әуезов ауданы «Таугүл-3» мешітінің жастарына бұйырды. Ал жүлделі 3-орын 30 000 теңгеге Медеу ауданы «Исмихан» мешітінің жастары қанағат тұтты.
Жүлделі 1-орын алған Орталық мешіт атынан түскен топ алдағы уақытта Астана қаласында өтетін DINTELLECT зияткерлік сайысының финалдық кезеңіне жолдама алды. Алла қолдап, сәттілік серік болсын деп тілейміз!
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі