«DASTUR FEST»: БАС МҮФТИ СӘЛЕМІН ЖЕТКІЗДІ
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Алматы өкілдігінің ұйымдастыруымен 25 қазан Республика күніне орай «DASTUR FEST» көрмесі өтті.
Көрменің ашылу салтанатында ҚМДБ Төрағасы бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ыстық ықыласы мен сәлемін наиб мүфти Кенжеәлі Қоңыратбайұлы жиналған көпшілікке жеткізді.
«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ел мұсылмандарының қара шаңырағы. Муфтият қашан да ата-бабадан мұра болған мұсылмандық мектепті ұстанып, салт-дәстүрімізді дәріптеп келеді. Мысалы, муфтият бұған дейін «Дін мен Дәстүрдің» бірінші және екінші кітабын шығарған болса, жуырда «Дін мен Дәстүр» үшінші кітабы жарық көрмек. Сондай-ақ, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен муфтияттан арнайы «Дін мен Дәстүр» бөлімі ашылды. Бұл бағыт – жамағат арасында құстың қос қанатындай болған осы қос ұғымды насихаттауға күш салмақ», - деп атап өтті наиб мүфти Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы.
Дін мен дәстүр дәріптелген көрмеге қоғам қайраткерлері Смағұл Елубай, Марат Тоқашбаев, Ислам Жеменей, Қаракөз Сүлейменова, Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан мен басқа да зиялы қауым өкілдері, мешіт ақсақалдары мен жамағаттары және имамдар қатысты.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі