Бас мүфти халықаралық фотокөрменің ашылуына қатысты (ФОТО)
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы елордадағы Ұлттық музей мен Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамытудың Н.Назарбаев орталығы ұйымдастырған «ИСЛАМ: КЕШЕ, БҮГІН, ЕРТЕҢ» фотокөрмесіне құрметті қонақ ретінде шақырылды.
Аталған фотокөрме елорда күніне орайластырылған. Фотокөрмені өткізудегі мақсат – толерантты дүниетаным мен исламға деген құрметті қалыптастыру, ислам діні бейбітшілік пен тыныштықтың діні екендігін көрсету, қоғамдағы төзімділікті, бейбітшілік, келісім идеяларын насихаттау, халықаралық қоғамдастықтағы ынтымақтастық, Отанға деген құрмет пен тарихқа мән беру.
«Қазақта «Отанды сүю – иманнан» деген қанатты сөз бар. Асыл дініміз отанды сүюді, ел-жұртқа қызмет етуді әрқашан дәріптеп келеді. Еңселі елордамыз Нұр-Сұлтан қаласы – Отанымыздың жүрегі іспетті. Тәуелсіздіктің тұғырлы болуына елордамыздың да еселі үлесі бар. Сондықтан алда келе жатқан елорда күні біз үшін мерей, мереке.
Фотокөрменің елорда күніне орайласып ұйымдастырылуы да бекер емес деп ойлаймын. Себебі сәулетті мешіттеріміздің бой көтеруі, басқа да асыл дініміздің абыройын еселейтін маңызды шешімдердің бәрі осы елордада қабылданды. Мұсылмандардың қастерлі мерекесі Құрбан айт мейірімділік пен бірліктің мерекесіне айналды» деді Бас мүфти көрменің ашылу салтанаты кезінде.
Наурызбай қажы Тағанұлы қонақтармен бірге Ислам әлеміне қатысты көрмені аралап шықты. Мұнда түрлі жанрдағы суреттер қойылған. Оның ішінде азан айту, неке қию рәсімі, қайырымдылық шарасы, Құрбан айт, намаз оқу сынды сәтті кадрлар таңдап алынған.
Ислам әлеміне қатысты көрмені елордадағы Ұлттық музейден тамашалай аласыз.