ҚМДБ Төрағасы Түркия елшісінің кеңесшісін қабылдады (ФОТО)
Елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жақында ғана тағайындалған Түркия Республикасының Қазақстандағы елшісінің Дін мәселелері жөніндегі кеңесшісі доктор Нешет Будур мырзамен кездесті.
Кездесуде екі елдің арасындағы терең байланыс, дін мәселелері жөніндегі өзара тәжірибе алмасу, діни оқу орындарындағы шәкірттердің жай-күйі, бірлесіп кітап шығару мен ортақ жобалар сөз болды.
«Қазақстанға, атажұртқа қош келдіңіз! Түркия Дін істері басқармасымен жақын байланыстамыз. Екіжақты мәселелерге елшілік те қолдау көрсетіп отырады. Түркияға арнайы ресми сапарымыз болуы керек еді, дегенмен пандемияға байланысты оны кейінге қалдырдық. Қазіргі уақытта Сіздермен бірігіп кітап шығару, аударма ісінде ортақ жобаларымыз бар. Біздің көптеген шәкірттер Түркияның діни оқу орындарында білім алып жатыр. Тәжірибе алмасу бағыты бойынша да бірлесе жұмыс істеп келеміз. Жаңадан келген қызметіңізге табыс тілеймін» деді Бас мүфти.
Өз кезегінде Нешет Будур Бас мүфтиге жылы қабылдап, көрсеткен ілтипаты үшін алғысын білдірді.
«Шетте емес, атажұртқа келгенімді сезініп жатырмын. Екі елдің арасындағы достық қарым-қатынас, мәдени, рухани байланыстарды арттыру жағына күш саламын. Бұл топырақтан Ислам дінін өркендету жолында әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи сынды ғұламалар шықты. Сізге Анадолыдан Дін істері басқармасының басшысы доктор Али Ербаш бастаған ұжым ыстық сәлемін жолдады. Осы салада бірлесе жұмыс істеп, көптеген жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетуге дайынбыз» деп атап өтті Нешет мырза.
Кездесуде тараптар бұған дейін басталған байланысты нығайтып, ортақ жобалардың жалғасатынына сенім білдірді.
Бас мүфти жуырда ғана жұмысқа кіріскен кеңесшінің алдағы істеріне сәттілік тілеп, дәстүрге сай қонақкәде сыйға тартты.