Елордамыздың еңсесі биік болғай!
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти
Қадірлі қауым!
Құрметті елорда тұрғындары!
Баршаңызды елорда күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Әр отбасыға бақ пен береке, ізгілік пен игілік тілеймін!
Аллаға шүкір, санаулы жылдар ішінде елордамыздың жаңа келбеті қалыптасып, бірлік пен бейбітшіліктің символына айналды. Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшылары бас қосатын бас қаламызда күллі дүниежүзін достық пен тату өмір сүруге үндейтін өзара келісім құжаттары қабылданады. Бүгінде елордамыз әлемдік дін лидерлері пікір алмасатын, ортақ мақсаттар мен адамгершілік құндылықтарды дәріптейтін орталыққа айналды.
Тәуелсіздік жылдарында жаңа астанамызда ең зәулім мешіттер салынды. Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешіті әлемдегі ең көрікті ғибадатханалардың қатарына енді. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен елорда төрінде бой көтеріп жатқан жаңа құлшылық үйі дүниежүзіндегі ең үлкен әрі сәулеті мен сәні жарасқан алдыңғы қатарлы мешіттердің бірі болмақ.
Энергия тұтыну жағынан әлемдегі бірегей нысан болып саналатын, ерекше заманауи стильде салынған «Алланың гүлі» мешіт-кешені де астанамызда орналасқан. Жаңа үлгіде бой көтерген мешіттеріміз құлшылықтың ғана емес, білім мен ғылымның ордасына, дініміз бен дәстүрімізді дәріптейтін әрі халыққа қайырымдылық көмек көрсететін мейірімділіктің мекеніне, ізгілік пен бірліктің орталығына айналуда.
Мешіт қызметкерлері жамағатты имандылыққа ұйытумен қатар түрлі сала бойынша аянбай еңбек етіп, еліміз бен жеріміздің өркендеуіне үлес қосуға, тәуелсіз Қазақстанның нағыз патриоты болуға үндеп келеді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Елбасының тарихи көшіне ілесіп, Алматыдан арқа төсіне қоныс аударып, мемлекет қамқорлығымен құрылысы біткен зәулім ғимаратқа орналасты. Бүгінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ақпарат және қоғаммен байланыс, уағыз-насихат, қайырымдылық, оқу-ағарту және кадрлық әлеует, рухани тәрбие – ихсан ілімі, дін мен дәстүр, жат діни ағымдармен жұмыс сынды салалар бойынша іс-шараларға басымдық беріп, игі жобаларды жүйелі түрде жүзеге асыруда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Діни басқарманың ел басына күн туған сындарлы сәттерде қолға алған қайырымдылық бағыттағы жұмысын жоғары бағалап, ізгі ниетін білдірді. Сайып келгенде, елорда төрінен бастау алған игі бастамалар барлық облыс, аудан, ауылдарда жалғасын табуда.
Ардақты ағайын!
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, елорда – еліміздің жүрегі. Мемлекетіміздің жарқын болашағына жол ашатын тағдырлы шешімдер осы жерде қабылданады.
Ендеше, ел игілігі үшін қабылданатын тағдырлы шешімдер халқымыздың бақытты ғұмыр кешуіне оң әсер етуін тілейміз. Алла Тағала астанамыздың абыройын асқақ етіп, жұртымызға жақсылығы мен берекесін жаудырғай. Еліміздің тұғыры биік, іргесі берік, халқымыздың жүрегі нұрға, жаны шуаққа, өмірлері берекеге толы, елордамыздың еңсесі биік болғай! Әмин!