Нұр-Мүбарак студенті – ТМД-ның үздік түлегі
Нұр-Мүбарак университетінің студенті Ізбасар Салимов – исламтану мамандығы бойынша машықтанып қана қоймай, қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысып, ғылыми жобаларға өз үлесін қоса білген жас өрен.
Ізбасардың ерекше дарынын байқаған Академиялық мәселелер департаментінің директоры, философия ғылымдарының кандидаты, доцент Жалғас Сандыбаев оның ғылыми зерттеулерге икемділігін байқап, жетекшілік жасады. Нәтижесінде «BILIM-ORKENIETI» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырған «ТМД-ның үздік түлегі» жобасында Ізбасар Ермекұлы жеңімпаз атанды. Оны жеңімпаз еткен дипломдық жұмысынан алынған жоба қоғамдағы жастар тәрбиесі, рухани құндылықтар маңызы, имандылық, инабаттылық, көркем мінездің маңызы жайлы. Ал дипломдық зерттеуі қазіргі қоғамдағы кәлам ғылымының орны жайлы болатын.
Нұр-Сұлтан қаласындағы Мемлекет тарихы институтында өткен конференцияда жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталды. Жеңімпаздарға төсбелгі, жинақ кітабы, куәлік және арнайы диплом табысталды. Ал үздік түлек жетекшісі Жалғас Сандыбаевқа «BILIM-ORKENIETI» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының директоры Әзірет Сатылғанов алғыс хат берді.
Ізбасар Салимовтың үш тілде әзірлеген зерттеу еңбегінің I дәрежелі дипломға ие болуы Нұр-Мүбарак университеті ұжымының үлесі ретінде бағаланып отыр.
Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі