БАС ИМАМ КӨРМЕ ӨНІМДЕРІМЕН ТАНЫСТЫ (фото)
Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлы Орталық мешітте тұңғыш рет өткізілген «DASTUR FEST» көрмесіне қатысушылармен танысты.
Дін мен дәстүр дәріптеліп, бүгінде ұмыт қалған жәдігерлер мен заманауи киім үлгісі көрсетілген көрмеде жұртшылыққа өз өнімдерін ұсынған қатысушылардың әрқайсысына бас имам Төлеби Дәділұлы және бірқатар дін қызметкерлері жеке барып алғысын айтты. Отандық дизайнерлер, темір ұстасы, домбырашы шеберлер, қыш-құмыра жасаушы мамандар мен ұлттық тағамның түр-түрін жасаған аспазшылар, кітап баспасының өнімдері мен ұлттық кәдесый ұсынған тағы басқа да өз өнімдерімен ел ықыласына бөленген кәсіпкерлер ҚМДБ Алматы өкілдігінің ұйымдастырған дін мен дәстүр көрмесіне өз алғыстарын жеткізді. Алдағы уақытта осындай көрменің тұрақты өткізілуіне қолдау көрсетуге тілектестік білдірді.
«DASTUR FEST» көрмесіне 3000-нан аса адам жиналып, дін мен дәстүр сабақтастығының куәсі болған қала халқы ұйымдастырушыларға дән ризашылықтарын білдіріп қайтты.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі