БАС ИМАМ Д.ҚОНАЕВ МЕШІТІНДЕ УАҒЫЗ АЙТТЫ
Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан Алатау ауданы Д.Қонаев мешітінде ақшам уағызын айтты.
Жамағатқа ҚМДБ Төрағасының ыстық ықыласы мен ізгі сәлемін жеткізіп, қасиетті Мәуліт айының мән-маңызына тоқталды. Сонымен қатар, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі ғұмырынан мұсылманның күнделікті өміріне қажетті тағылымды тұстары кеңінен баяндады.
Уағыз барысында ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қарт кісілерге деген құрметі, жастармен қарым-қатынасы, үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсетуі, сондай-ақ отбасындағы көркем мінезі мен жанұя мүшелерімен болған жарасымды қарым-қатынасы сөз етілді.
Жамағатқа жүрекке жетерлі тұщымды ойлар айтылып, қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – отбасы құндылығы мен неке-отбасы мәселесіне ерекше назар аударылды. Осы ретте әрбір мұсылманның отбасылық өмірде тақуалықты ту етіп, өзара сыйластық, мейірім, жауапкершілік пен сабырлылық секілді ислам құндылықтарын берік ұстануы қажеттігі айтылды.











