АЛМАТЫДАН БАТЫСҚА ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕК ЖӨНЕЛТІЛДІ
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен су тасқынынан зардап шеккен тағы бір аймақ Батыс Қазақстан облысына Алматы қаласынан гуманитарлық көмек жөнелтілді.
Аталған аймаққа жәрдем жүк көлігін шығарып салуға ҚМДБ наиб мүфтиі Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы, Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан және ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының Алматы қаласы бойынша жауапты маманы Бауыржан Көптілеуов қатысты. Батыс Қазақстан облысына 20 тонна гуманитарлық зат жинақталған ауыр жүк көлігі жолға шықты. Су тасқынына зардап шеккен халыққа ең қажетті заттар, атап атқанда жаңа киім, азық-түлік, ішетін су, көрпе-төсектер қамтылған. Сонымен қатар дәрі-дәрмектер, перекись, йод және тұрмыстық заттар тиелді. Жас балалар жөргектері (памперс) және төсек жабдықтары бар.
«Еліміздің біршама өңірлерінде болып жатқан су тасқынына Алла жеңілдік берсін. Осындай қиын кезеңде ел болып, бір-бірімізге жәрдемдесу маңызды іс. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ел амандығы үшін дұға тілеп, су тасқынынан зардап шеккен бірқатар аймаққа барып, Қазақстан мұсылмандар діни бамқармасы атынан қиын сәтте қол күшімен де азық-түлікпен де көмектесуде. Осы орайда Қиындықта ел бірге деп, Алматы өкілдігінің ұйымдастыруымен мешіт жамағаттары, қала тұрғындарының атынан Ақтөбе облысына 60 тонна, Атырау облысына 20 тонна гуманитарлық көмек жіберілсе, бүгін Батыс Қазақстан облысына 20 тонна гуманитарлық көмек жүк көлігі жолға шықты. Алла елімізге амандық берсін», - деп атап өтті наиб мүфти Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы.
Алматы өкілдігінің баспасөз қызметі