АЛМАТЫДА МҮФТИЛЕР АЛҚАСЫНЫҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Бүгін Алматы Орталық мешітінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Мүфтилер алқасының кезекті отырысы өтті.
Басқосуға мүфтиятты әр жылдары басқарған Бас мүфтилер – Ержан қажы Малғажыұлы, Серікбай қажы Ораз қатысты.
Жиында ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Сіздерді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Мүфтилер алқасының кезекті отырысында көргеніме қуаныштымын. Осыған дейін арамызда болған дін қайраткерлеріміз, Хазіреттеріміз Рәтбек қажы мен Әбсаттар қажыға Алланың рақымы болсын. Ол кісілердің жоқтығы білініп-ақ тұр. Алланың үкіміне амал жоқ. Мәңгілік мекендері жәннаттың төрі болсын. Әумин.
Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде: «Өзара кеңесіп іс істеңдер» деп бұйырғанын жақсы білесіздер. Ал Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кеңескен қауым қателеспейді» деген мазмұнда өсиет қалдырған. Сондықтан ақылдасу мен кеңесу – ислам өркениетінің маңызды қағидаларының бірі.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Мүфтилер алқасы еліміздің діни-рухани дамуына үлес қосу, мұсылман жамағатының бірлігін нығайту, дін мен дәстүр сабақтастығын сақтау және діни басқарманың қызметін жетілдіру мақсатында құрылған болатын. Алқаның басты міндеті – өздеріңіздей тәжірибелі дін қайраткерлерінің ақыл-кеңесі арқылы халқымыздың рухани тұтастығын сақтауға қызмет ету» – деді
Мәжілісте дін қайраткерлері қоғамда дін мен дәстүр сабақтастығын насихаттау, жастарды деструктивті діни ағымдардың идеологиялық ықпалынан сақтандыру, жамағаттың бірлігін арттыру сынды мәселелер төңірегінде пікір алысты.










