АЛМАТЫ: «ОТБАСЫҢМЕН БІР ТАЛ ЕК» АКЦИЯСЫ ӨТТІ
Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлының ұйымдастыруымен «Отбасыңмен бір тал ек» ағаш отырғызу акциясы өткізілді.
Қасиетті рамазан айының соңғы күндерімен ұласқан шұғылалы көктем шуағы Алатау жайлауына серпін берді. Көктемнің осындай сәулелі сәтінде қаланы көгалдандыру жұмыстарына үлес қосу мақсатында дін қызметкерлерінің жылдағы ағаш отырғызу дәстүрі ерекше жалғасты. Биылғы ерекшелік атауында айтылғандай «Отбасыңмен бір тал ек» жобасы бойынша әкелі-балалы дін қызметкерлерінің отбасы болып ағаш отырғызуы болды. «Бұл өз кезегінде отбасы мектебіндегі мирас, ұрпағымызға өнеге болары сөзсіз. Сондай-ақ Алматы қаласының тұрғындарын «Отбасыңмен бір тал ек» акциясына қолдау көрсетуге шақырамын», - деп атап өткен бас имам Төлеби Оспан қала халқына үндеу жасады.
Акция аясында қаланың жаңа мөлтек аудандарында 220 түп ағаш отырғызылды.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі