АЛМАТЫ ОРТАЛЫҚ МЕШІТІ ҚАДІР ТҮНІН ҚАРСЫ АЛДЫ (ФОТО)
Алматы Орталық мешітінде қадір түні қарсаңында 1000 нан астам адамға ауызашар дастарханы жайылып, ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы мен Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлы қадір түнінде уағыз айтты.
Мың айдан қасиетті Қадір түніне арнайы бағдарлама жасалып, уағыздар кестесі құрылған болатын. Биыл да қасиетті Қадір түніне жиналған жамағаттың қарасы көп болып, мешіт іші мен ауласына лық толды. Бас имам «Қадір түні – мың айдан да қадірлі» тақыбырындағы уағыз айтып, жиналған жамағатқа қасиетті түнді дәріптеді.
Тарауих намазаның алғашқы бөлімі оқылған соң наиб мүфти Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы «Ихсан және ізгі қоғам» тақырыбында уағыз айтты.
Орталық мешіттің наиб имамдары мешітке келген көпшілік қауымға викториналық сұрақтар жүргізіп, алғыр жеңімпаздарға сыйлықтар үлестірді.
Нұр-Мүбарак университетінің проректоры Қайрат Құрманбаев «Соңғы он күндіктің ерекшеліігі» тақырыбында уағыз айтып, жамағатқа серпін берді.
Тарауих намазының келесі 4 ракағаты оқылып, мешіт ұстаздары жамағатқа екі рағаттық намаз оқу үлгісінен дәріс өткізді.
Қасиетті түнді құлшылықпен өткізуге келген жамағат арасынан зиялы қауым өкілдері М.Жұрынов, М.Тоқашбаев, И.Жеменей сөз сөйлеп, мешітке жиналған көпшілікке ақ тілегін арнады. Сонымен қатар қасиетті Қадір түнімен құттықтап, жұртшылыққа мың айдан да қадірлі болған Қадір түнінің жақсылығы мен сауабын тілеп, ел тыныштығы мен бірлігі үшін дұға жасады.
Алматы Орталық мешітінің бас имамы Төлеби Дәділұлының «Адамның Алламен байланысы» тақырыбындағы уағызын жамағат жылы қабыл алды. Сонымен қатар бас имам хабар агенттігінің тікелей эфирдегі жаңалықтар бөліміне Қадір түнінің қасиеті жайлы сұхбат беріп, мешіттегі қадір түнін қарсы алу жоспарымен бөлісті.
Алматы қаласы әйел-қыздар жамағаты 65 хатым Құран түсіріп, жамағатпен бата жасалды.
Жамағат сауалдарына пәтуа мамандары жауап беріп, еркін ғибадатқа берілген уақытта мешітке келген көпшілік түннің екінші бөлігін жұмыла құлшылыққа арнады. Қасиетті қадір түнінде бата жасап, дұға оқыды.
Орталық мешіттің наиб имамы Бекзат Сыздықов «Рамазаншыл болма, Құдайшыл бол» тақырыбындағы уағызынан соң үтір намазы оқылып, бата жасалды.
Мың айдан да қасиетті қадір түнін ғибадатпен өткізуге жиналған жамағатқа Орталық мешітте сәресі бокстары таратылып, көпшілік мешітте ауыз бекітті. Сап түзеп таң намазы оқылып, дұға жасалды.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі