Алматы қаласы Орталық мешітінің Бас имамы Еркінбек қари Керімбекұлының бастамасымен қаладағы 49 мешіттің бас имамдары басқосып, қасиетті Рамазан айының алдында қала бойынша мешіттердегі әзірліктерін пысықтады. Алғашқы сөз сөйлеген Алматы қаласының өкіл имамы Еркінбек қари Шоқаев Рамазан айында атқарылуы тиіс бірқатар шараларға тоқталып, арнайы тапсырмаларын берді. Мәселен, Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлының Рамазанға байланысты жолданатын Үндеуін халық арасында насихаттау, Рамазан айының артықшылығын жамағатқа жеткізу, мешітке келуші жамағатты ілтипатпен қарсы алу, тарауық намаздарынан кейінгі тегін автобустарды ұйымдастыру, ауызашарлардағы тағамдардың сапасын бақылау, жалпы тазалық мәселелері сияқты маңызды жұмыстарды тілге тиек етті.
Басқосу барысында Медеу ауданы, «Әл-Хамид» мешітінің бас имамы Асылхан қажы Өмірзақұлы және Бостандық ауданы «Орбита-3» мешітінің бас имамы Асет қажы Қадырахынұлы өз мешіттері мен аудан көлемінде атқарылған жұмыстары мен Рамазан айына жасалған жоспарларын баяндады. Сондай-ақ, Алматы қаласы Орталық мешітінің Бас ұстазы Талғат қажы Дайрабайұлы қала көлеміндегі діни сауат ашу курстары жұмыстарының жүргізілу деңгейін баяндап берді.
Басқосу соңында Алматы қаласы Орталық мешітінің Бас имамы Еркінбек қари Керімбекұлы тарапынан нақты ұсыныстар мен тапсырмалар беріліп, алдағы уақытта атқарылатын істердің арнайы хаттамасы жасалды және мешіт имамдарының уақытылы есеп беріп отыруы міндеттелді.
Сөз соңында, Алла жолында қызметте жүрген жол көрсетуші имамдарымызға Раббымыз күш-қуат беріп, сәттіліктерге жолықтырсын деп тілейміз.
Алматы қаласы Орталық мешітінің Баспасөз қызметі