«АЛЛА ЖОЛЫНДА АДАЛ ҚЫЗМЕТ» МЕШІТ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Алматы қаласы өкілдігінің жылдық жоспары аясында қасиетті Рамазан айында «Нұр-Мүбарак» мешітінің ұйымдастыруымен «Алла жолында адал қызмет» атты игі шара өтті. Бұл жиын мешіт қызметкерлерінің қажырлы еңбегін бағалап, олардың адал қызметіне алғыс білдіру мақсатында ұйымдастырылды.
Шара барысында ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының Алматы өкілдігі бойынша маманы мешіт қызметкерлеріне атқарған ізгі амалдары үшін жүрекжарды алғысын айтып, олардың еңбегінің Алла алдындағы маңыздылығы мен сауаптылығы жайлы насихат жүргізді. Құлшылық үйінің тәртібі мен тазалығы, жамағаттың рухани сұранысына жауап беру, мешіт өмірінің тұрақтылығын қамтамасыз ету – асқан сабыр мен ықыласты талап ететін қасиетті қызмет екені атап өтті.
Шара соңында мешіттің бас имамы Жалғас Орынбасаров шаруашылық қызметкерлеріне ерекше құрмет көрсетіп, әрқайсысына бір айлық жалақы көлемінде сыйақы табыстады. Сонымен қатар, олардың рухани және денсаулығын нығайту мақсатында шипажайға жолдама, кіші қажылық сапары, оқу ақысын төлеу, сондай-ақ Түркия мен Малайзияға саяхаттау мүмкіндігі сыйға берілді.
Бұл шара – мешіт қызметкерлерінің еңбегін бағалау ғана емес, жалпы жамағатқа қайырымдылық пен қамқорлықтың үлгісін көрсету, адал қызметтің шынайы құрметке лайық екенін айшықтау. Алла осындай игі істерді қабыл алып, әрбір мешіт қызметкерінің адал еңбегін мол сауаппен қайтаруды жазсын.