ОРАЗА АЙТТА БАЛАЛАРҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛАДЫ

Бостандық ауданы «Орбита-3» мешітінде «Ораза айт» мерекесіне орай балалар үйінің тәрбиеленушілері мен мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап арнайы шара өтті.
Шараның ашылуында Алматы Орталық мешітінің наиб имамы Бауыржан Көптілеуов пен «Орбита-3» мешітінің бас имамы Орынбасар Абдуллаұлы сөз сөйлеп, жиналғандарды «Ораза айт» мейрамымен құттықтады. Балаларға түрлі заманауи және ұлттық ойындар, зияткерлік сайыстар мен көңіл көтеретін бағдарламалар ұйымдастырылды. Балалар арнайы аниматорлармен бірге уақыт өткізіп, қызықты қойылымдарды тамашалады. Шара барысында мешіт тарапынан балаларға арнап тәттілер мен арнайы сыйлықтар үлестірілді. Дәмді тағамдар мен тәттілер мерекенің сәнін кіргізіп, балаларға ұмытылмас әсер сыйлады.
Ораза айттың басты құндылықтары – мейірімділік, қайырымдылық және бауырмалдық ұғымдарын кеңінен насихаттау. Балалардың қуанышты жүздері мен ризашылыққа толы жүректері шараның басты нәтижесі болды. Қатысушылар осындай игі бастамалардың жалғасын тауып, мұқтаж жандарға көмек көрсету дәстүрі әрдайым жандана берсін деген ниет білдірді.