АЛАШ АРЫСТАРЫ АРДАҚТАЛЫП, ҚҰРАН ХАТЫМ ЖАСАЛДЫ
31-мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын арнайы еске алу күніне орай ҚМДБ «Әйел-қыздар» секторы Алматы өкілдігі, Бостандық ауданы «Бақыткелді» мешітінің ұйымдастыруымен ерекше форматта рухани-интеллектуалды кеш өткізілді.
«Ұлтын оятқан ұлы тұлғалар» тақырыбында өткізілген рухани кештің ерекшелігі – Алаш арыстарының, зұлматты жылдарда қаза тапқан ата-апаларымыздың рухына арнайы «Бақыткелді» мешітінің ұстазы Анар Қанатқызы және шәкірттері «Парасат» құран хатым әйелдер тобы Қасиетті Құран бағыштап, толық хатым түсірді.
Рухани кешке арнайы шақырылған спикерлер белгілі журналист Марфуға Шапиян «Исламдағы ұлы тұлғалар» тақырыбы бойынша Алаш зиялыларының өміріне тоқталды. Алаштанушы Мариям Әбсаттар мен продюссер Айсауле Әбділдә «Алаш зиялыларының» өмірлік миссиясы, елі үшін жасаған еңбектері және арыстардың жұбайларының қиын тағдыры жайлы сөз қозғап, «Міржақып. Оян қазақ», «Ахмет. Ұлт ұстазы», «Абай жолы» сериалдары қалай түсірілгені, халыққа берері жайлы айтты. 20-30 жылдары қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде тұтынған заттар, ыдыс-аяқ, киім-кешек тағы басқа көрнекілік түрлерінен көрме жасалды. Сонымен қатар Астана қаласы «Әл-Фараби» атындағы оқушылар сайының «Керім-ай» би ансамблі арнайы келіп ұлттық құндылықтарымызды насихаттап жүрген «Жәдігер» биін және С.Сейфулиннің өлеңіне қойылған «Аққу» биін көрерменге тарту етті.
Алаш арыстарын ардақтаған кеш барысында Жүсіпбек Аймауытовтың «Психология» кітабының тұсаукесері жасалды. Кеш соңында интеллектуалды ойын жеңімпазына «Ұмра» қажылығына жолдама берілді.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі