ҚИЫНДЫҚТАН ҚОРҒАЙТЫН ҚҰЛШЫЛЫҚ

Зекет – асыл дініміздің үшінші негізі. Құранның көптеген аяттарында намаз бен зекет қатар жүреді. Зекет «тазару, көбею» деген мағынаны білдіреді.
Абдулла Омарұлы (оған Алла разы болсын): «Алла елшісімен бірге мешітте он кісі болып отырған едік. Ансарлық бір жігіт: «Уа, Алланың елшісі! Мұсылманның қайсысы абзал?» деп сұрады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мінез-құлқы жақсысы» деді. «Ең ақылдысы кім?» дегенде: «Өлімді көп ойлап, соған дұрыс қамын жасайтыны» деп жауап берді. Сосын Пайғамбарымыз: (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, мұхажирлер! Бес қасірет бар. Сол күнді сендер көрмесе екен деп Алладан тілеймін. (Біріншісі) Ел арасында арсыздық пен азғындық ашық белең алса, онда олар бұрын-соңды көрмеген түрлі ауру мен обаға душар болады. (Екіншісі) Сауда-саттықта таразыдан алдайтын болса, азық-түлік жетіспеушілігіне тап болады, (үшінші) мал-мүліктің зекетін бермейтін болса, жаңбыр жаумай қуаңшылық жайлайды...» деген еді. Демек, зекетке салық деп қарау – қателік. Бұл иләһи заңның бір тетігі. Ол бұзылса, зардабын зекет беруден бас тартқан адам емес, жаппай қоғам тартады. Сондықтан бұл парызды дұрыс насихаттау міндетіміз.