ДІНИ БАСҚАРМАНЫҢ 35 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН АРНАЙЫ КІТАПТЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ
Алматы қаласында өткен «Діни басқармаға – 35 жыл» атты мерейтойлық рухани кеш аясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 35 жылдық тарихына арналған арнайы кітаптың ресми тұсаукесері өтті. Салтанатты рәсімге Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, ҚМДБ Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, халық жазушысы Смағұл Елубай, қоғам қайраткері Марат Тоқашбаев және ғалым-аудармашы Зәріпбай Жұманұлы қатысып, кітаптың тұсауын кесті.
Мүфтият баспасынан жарық көрген бұл басылым Діни басқарманың 1990 жылы құрылған сәтінен бастап бүгінгі күнге дейінгі тарихи жолын, қалыптасу кезеңдерін және рухани саланың институционалдық дамуын жан-жақты қамтиды.
Арнайы мерейтойлық басылым — ҚМДБ-ның 35 жылдық қызметін шолу жасап, ел руханиятын дамытудағы маңызды жетістіктерін көрсетуге арналған құнды еңбек ретінде көпшілік назарына ұсынылды.



