ІЗГІЛЕРДІҢ НАСИХАТТАРЫ

Замана күшейтсе де тығырықты,
Көрсетпе сен ешкімге мұз қылықты, Ізінен адаспайсың аталардың, Өмірге өзек қылсаң ізгілікті!
(Б.Әлімжанов)
Адамгершілік құндылықтарын дәріптеу ғасырлар бойы үзілмей келе жатырған руханият өлкесіндегі тәлім тәрбиенің басты құралы. Адамдық туралы насихатта адам болмысының ізгілігінің орны ерекше. Сол тәрбиеде қоғам ізгілерінің айтулы тұлғаларының мағыналы сөздері ғасырларды қамтитын тұнып тұрған насихат.
Ізгілік болмаса, адалдық қайдан? демекші, ізгі сөзінің мағынасына үңілсек, Ж.Баласағұн оларды «Құтты білігінде»
Ізгілік не? Тегі қандай өзінің?
Мінез-құлық, ісі қандай өзінің?
Ізгіліктің нышаны?
Халық үшін қайтпай құрақ ұшады.
Ізгі жүрек ізгілігін сатпайды,
Жомарт жандар құнын тілеп жатпайды.. деп жырлаған ізгілер, бұл – қадірлі де қасиетті, мейірімді де жақсылыққа толы ниеттес деген мағынаны қамтитын ұлағаттыларымыз. Ал ізгілердің насихаттары – өмірлік тірек болар бағыт-бағдарымыз.
Ізгі ниет – жарты дәулет. Ал ізгілердің, ізгі ниетті жақсылардың, даналардың насихаты – демек сол пейілден туындаған асыл сөз, адамдардың басты рухани–адамгершілік құндылығын арттыру мен бойға сіңірудегі көкейтесті идеясы. Имандылық әліппесі. Қай ғасырда да ізгілердің сөзі адамдардың арасындағы татулық пен өзара түсінісуді, бытыраңқылықтан алшақтап, бірлесуді, моральдық теңдік пен ынтымақтастықты орнатуға жәрдем беретін игі бастамаларды береді.
Қасиетті Құран кітабымызда «Аср» сүресінің 1-3 аяттары «Заманаға (ғибарт аларлық әр алуын уақиғаларға толы заманға) ант етемін! Адам баласы сөзсіз зиян шегеді. Алайда иман еткен, игі істер істеген, бір-біріне ақиқат (хақ жолды) пен сабырлы болуды насихаттаған адамдардың жөні бөлек» делінген. Жөні де, орны да бөлек, нұр болып дара туған ардақты ақырғы пайғамбарымыз Мұхаммед-Мұстафа (с.ғ.с) мен тарихта оған дейін өткен барлық пайғамбарлар мен сахабалардың өнегелі өмірлеріне үңілсек, олардың насихаттары адалдық пен аманатқа қиянат жасамау, өтірік айтпау, уәдесін орындау, Жаратқан Құдайдың ғана разылығын күтіп, басқадан ешқандай ақы күтпей жақсылық жасау, ізгілік жолын көпке жеткізуді мұрат еткен асыл да құнды мұралар екен. Артына қалған сөзімен де, ісімен де үлгі боларлық ғұмырлары тұнған тәлім-тәрбие.
Өзгелер бір-бірінің кемшілігін іздестіріп жатқанда, сен өз кемшіліктеріңді ізде, өз кемшіліктеріңді түзетумен шұғылдан деп, әрдайым өзін-өзі жетілдіруді дәріптейтін сонау ықылым заманнан келе жатырған ізгілерден жеткен бір хадисте: «Алла елшісі (с.ғ.с): «Кімде-кім білім жолына түссе, Алла тағала оған жұмаққа барар жолды да жеңілдетеді», деп келеді (Муслим.зикр 39). Осы турасында Әбу Дәрда (р.а.): «Алла елшісінің (с.ғ.с): «Кімде-кім білім жолына түссе, Алла тағала оған жұмаққа барар жолды да жеңілдетеді. Періштелер де білім алушының талабына дән риза болып, аяғының астына қанаттарын жайып, ізет көрсетеді. Сондай-ақ жеті қабат аспан мен жердегі барлық жаратылыс атаулы, тіпті судағы алып балықтар да шынайы ғалым үшін Алладан жарылқау тілейді. Ғалымның білімсіз діндардан артықшылығы толған айдың өзге ұсақ жұлдыздардан артықшылығы секілді. Расында шынайы ғалымдар – пайғамбарлардың мұрагерлері. Шынтуайтында, пайғамбарлар мұра ретінде динар мен дирхам емес, тек қана ілім қалдырды. Кімде-кім сол іліммен сусындаса, мол несібеге кенелгені» - деп айтқанын естідім», - деген (Тирмизи, ильм 19; Әбу Дәуіт, ильм.1).
Арттарына өшпес мұра етіп із қалдырған осы салиқалы да ізгі жандардың насихаттарын зерделей түссек, өміріміздің мәні үшін адалдық пен адамдық борышыңнан артық несібе жоқ екенін түсінеміз. Ал адамдықтың шыңына, жақсылықтың биігіне пенде пайдалы оқу-білім, ғылым жолы арқылы жетеді екен.
Сауатын молда алдынан ашып, «төте жазуымен» еңбектерін қалдырған ұлтымыздың зиялылары да ислам дінінің нәрімен сусындап, білімдерін жетілдіріп, елінің ертеңі үшін алаңдап өткен ізгілеріміз, ата-бабаларымыздың насихаттары да адамдық пен адалдық, ғылым жолындағы ізденіс пен бірлікті сақтау аясын, яғни тұтас алғанда имандылықты қамтығанын көреміз.
Бұл дүниеде адамдықтың биігіне шығып, жақсы ғұмыр кешу үшін, даму үшін әлбетте пенде өз-өзіне талап қойып, еңбек етуі шарт. Талап етіп, еңбек ете жүріп, сабырлы да салиқалы терең ойды дамытып, екі дүниеге де сенімін берік ұстанып, қанағатпен, бақытты өмір сүруі үшін иманының толық болуы шарт.
Иманы берік, Отанын сүйетін, жауапкершілігін сезінетін әр азамат ғылымға бойлағанда халқына қызмет ету мүддесін алға қояды. Ешбір тұлға бізге «өзің үшін өмір сүр, өзің үшін рахаттан» демепті, керсінше рахаттың бал дәмін, ләззәтын пенде өзгелерге қызмет көрсеткенде сезінетінін айтып кетіпті. Рухани, терең білімді біздің алаш арыстары мен ұлт жанашырлары мен ұстаздары да көзі ашық, көкірегі ояу ізгілердің насихаттарымен өсіп-өркендеген жандар. Тағлымы бөлек, терең насихаттар еліміздің іргесін берік қалап, іші-сыртын гүлдендіретін ұрпақтың әлі талай легін қалыптастыра бермек. Тек ұрпақтар легі ізденісте болуын тоқтатпаса болғаны. Ұят пен обал, сауап деп қарапайым тәрбиесімен имандылықты бойға дарыта білген бабалар дәстүрінің ізімен ұрпақтар сабақтастығы жалғаса түссін деген мақсатта біз ізгілердің жолын насихаттап, дініміз бен дәстүр сабақтастығында руханиятты айшықтай түссек, әр саланы, әр қасиетті ашып жаза түссек нұр үстіне нұр.
Хош, сонымен ізгілердің нені насихаттайды деп мәніне үңілсек, түйіндесек ол адамдық, адалдық, ізгілік, пайдалы білім мен ғылым алып, адамзатқа игіліктер мен жақсылық жасау, көркем мінез бен түсіністік мәмілесі деп толықтыра келгенде, мұның бәрінің бастауы – имандылық екенін, Құдайдың жаратқан әр пендесі мен жанды һәм жансыз жаратылысына шексіз мейірім мен махаббат екенін түсінеміз. Иман бар жерге құт қонып, бақ дариды емес пе? Осы даналықты хакім Абай атамыз рухани әлемнің мазмұнын ізігілікке сәйкестеп, түсінер жанға «Адамзаттың бәрін сүй бауырым» деп бізге бір ауыз сөзбен шебер түйіндеп берген еді.
Жетісу ауданы
Әл-Мадина мешітінің бас имамы
Абдумажитов Мухамеджан Қыдырхожаұлы