ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫҢ ﷺ ТҮСІМІЗГЕ КІРЕТІНІ РАС ПА?
Әссәламу алейкум! Сіздерден сұрайын дегенім, Мұхаммед пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түсімізге кіретіні қаншалықты рас?
Жауап:
Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім мені түсінде көрсе, өңінде де көргені, өйткені шайтан менің бейнеме ене алмайды»[1] деген хадис жеткен. Алайда, кейбір ғұламалардың көзқарасы бойынша, Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көрген адам оның сипаттарымен де қоса көруі керек екендігін айтқан. Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әркім түсінде әртүрлі көруін былай деп түсіндіре аламыз. Адамдардың көрген түсі мен өздерінің рухани болмыстары арасында жақын байланыс бар. Егер адам түсінде Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кейбір жақсы қасиеттерін көрмесе, демек, ол адамның өзінде сол қасиеттер жетіспейді деген сөз. Кейде адамның жағдайына қарай ишаралар да болуы мүмкін. Сол себепті де әртүрлі көреді.
[1] Бұхари, Табир 2, 10