Бас имам алматылықтарды наурыз мерекесімен құттықтады
Алматы қаласының Бас имамы Еркінбек Шоқай
Құрметті алматылықтар, қадірлі бауырлар!
Баршаңызды еліміз бен мұқым түркі жұртының сан ғасырлар бойы тойлатып келген, тоңның жібіп, жердің бусанып, күзде кеткен жыл құсымен жадыраған көктемде қайта оралған, күн мен түннің теңеліп, адамдар мен төрт түліктің қыстан аман шыққанына Тәңір Тағалаға шүкірлік айтатын, береке мен бірліктің, қуаныш пен шаттықтың мейрамы – Әз-Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын.
Осынау Ұлыстың ұлы күнінде әрбір отандасымыздың шаңырағына Алла Тағаладан бақ-береке, ырыс-құт, амандық пен саулық, игі жақсылық пен молшылық тілеймін.
Әз-Наурыз – тіршіліктің түлейтін, өрістің кеңейетін, адамдар арасын жақындастырып, қалған көңілдер кешірісетін, татулық пен сыйластықтың артып, салауатты өмір салтының жаңғыратын, ертеңге зор сеніммен қарауға үйрететін дәстүрлі мерекеміз. Алла Тағала халқымызды осындай жақсы күндерден жақсы күндерге төрт көзімізді түгел, басымыз аман, бауырымыз бүтін күйде жеткізсін.
Әлем халықтары мен еліміздің басына төнген уақытша сынақтан аман-есен өтуге, қиындықтарға мойымауға, тек өзіне тәуекел етіп қуанышты күндермен қауышуға жазсын.
Сондай-ақ, сіздерді еліміздегі төтенше жағдайға байланысты қойылып жатқан шектеулерге түсіністікпен қарап, тиісті құзіретті мекемелер мен дәрігерлердің кеңесіне құлақ түріп, нұсқауларын орындауға шықырамын. Бұған қатысты Алла Тағала Құранда «Фатыр» сүресінің 14-аятында: «Маман секілді саған ешкім хабар бере алмайды», – деп қандай жағдай болмасын, әрбір істің өз маманына жүгінуге, ақыл-кеңесін тыңдауға бұйырады.
Алла Тағала Ұлыстың ұлы күнінде айтылған бата-тілектеріміз бен дұға-мінәжаттарымызды құзырында қабыл етіп, жаңа жылымызды құтты да баянды еткей! Әмин!
Ассәләму ғаләйкум уа рохматуЛЛАҺИ уа бәрокәтуһу! Аллаһ Сізден разы болсын, Еркінбек Керімбекұлы!Жамағатымызға ауызбіршілік, ынтымақ, бірлік тілеймін! Алла тағала елімізді, жерімізді сақтасын! Бүгінгі қасиетті Миғраж түніміз де күн мен түннің теңелуіне сәйкес келіп тұр! Аллаһ тағала қасиетті түнде ниеттеріңізді, амалдарыңызды, тілек-дұғаларыңызды қабыл етсін! Жаман аурулардан аман-есен құтылуымызға нәсіп етсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Алла бәрімізден разы болсын!