ТҮРКИЯДАҒЫ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ СТУДЕНТТЕРГЕ АУЫЗАШАР БЕРІЛДІ
Түркия елінде білім алып жүрген қазақстандық студенттер мен ұстаздарына берекелі ауызашар дастарқаны жайылды.
Алматы қаласындағы мешіттердің демеушілігімен өткен бұл рухани шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының осы елдегі өкілі, «Талаба» студенттер қауымдастығының жетекшісі Абдурашит Зиядинұлы қатысты. Түркияда білім алып жатқан қазақстандық студенттер, ұстаздар ауызашар дастарханынан дәм татты. Кеш барысында Абдурашит Зиядинұлы жиылған жастарға Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ыстық сәлемін жеткізді.
Абдурашит Зиядинұлы өз сөзінде шәкірттерді қасиетті Рамазан айымен құттықтап: «Елден жырақта жүріп білім алу – үлкен белес. Сіздердің басты мақсаттарыңыз – сапалы білім алып, елге білікті маман, ұлтқа қызмет ететін нағыз тұлға болып оралу», – деп батасын беріп, студенттерге сәттілік тіледі. Өз кезегінде шетелде жүрген қазақ жастары осындай игі шараны ұйымдастырушы алматылық дін қызметкерлеріне ризашылықтарын білдірді.



