Студенттер мүшайрасының жеңімпаздары анықталды
Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті жариялаған студенттер арасында «Тәуелсіздік және дін» атты мүшәйра ұйымдастырған болатын.
Өлең-жырлар және мақалалар сайысы етіп екі бағытта жарияланған байқауға 52 шығарма қабылданды. Оның 26-сы – мақала, қалғаны өлеңдер болды. Алдын ала сараптау бойынша мақалалардың басым бөлігі талапқа сай келмегендіктен, ол бәйге кейінге қалдырылды. Ал Жазушылар Одағының назарына ұсынылған 26 үміткердің 10 авторы ақтық сынға жолдама алды.
Мемлекеттік әнұранмен басталып, қасиетті Құранмен шымылдығы түрілген жыр кешінде проректор, доцент Қайрат Құрманбаев бұл байқаудың Жастар жылы әрі ғасырлар бойы ата-бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздіктің құндылығын паш ету үшін жастар шығармашылығына қолдау ретінде ұйымдастырылғанын айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Филология ғылымының докторы, профессор Керім Шамшәдин, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын Бақыт Беделхан, теология ғылымының докторы, доцент Мұхитдин Исаұлы, Алматы қалалық Қоғамдық даму басқармасының бас маманы Самат Қабылбеков, ақын, тәуелсіз сарапшы Дәулетбек Байтұрсынұлы, PhD доктор, дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы сарапшылық еткен жазба жыр додасында Алматы, Талдықорған, Көкшетау, Атырау қалалары және Ресей, Моңғолиядан да жас тұлпарлар бақ сынады. Жол қашықтығына орай, Атырау мен Монғолия елінен қатысушы үміткерлер онлайн жүйесінде LED экран арқылы өлеңдерін оқыды. Нәтижесінде І. Жансүгіров атындағы ЖМУ студенті Айғаным Қуатқызы Бас жүлде «Қажылықты» қанжығасына байлады.
1-орын – Өмірбай Бибарыс-Сұлтан (І.Жансүгіров атындағы ЖМУ) – Умра;
2-орын – Талап Нұрай (Атырау жоғары медициналық колледжінің студенті) – 200 000 теңге;
3-орын – Заңғар Еркебекұлы (Ресей, Новосибирск Аграрлы университетінің студенті) – 100 000 (жүз мың) теңге.
Ал Көкбөрі Мүбарак (Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) арнайы жүлдеге ие болса, қалған бес үміткер Қанағат Қаржаубай (Нұр-Мүбарак университеті), Айдын Асылбек (Нұр-Мүбарак университеті), Шыңғыс Атай (Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ), Оралбек Нүрүш Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті), Әуесхан Нұрмұратов (Әбу Ханифа атындағы медресе-колледжі) арнайы сертификат пен сыйлықтарға ие болды.
Бас демеушілер Амангелді Еренғайып басқаратын «Нұр-Қазақстан» қажылық компаниясы (қажылық), Абдусамат Арипов басқаратын Dostyk Travel Company (умра) және Нұр-Мүбарак мешітінің бас имамы Қайрат Жолдыбай мен «Білім-Қазына» қоғамдық қорының президенті Оралхан Сейдманов жастарға демеушілік жасап, мүшайраның мерейін үстем етті.
Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі