Алматы: Құран сырына қаныққан кеш
2018 жылдың соңында Алматыда Құран хатым түсіріп отыратын топ ашылған болатын. Ерекшелігі сол, бұл топтың мүшелері айына, аптасына емес, күнде Құран хатым түсіріп отырады. Осылайша топ ұстаздар мен шәкірттерді, үлкен мен кішіні, Қазақстанның әр аймағындағы жамағатты бір-бірімен байланыстырды.
Алланың қалауымен аталған топқа енуге ниетті апалар мен әпкелер санының артуына байланысты биыл жыл басында екінші топ ашылған болатын. Осы уақыт ішінде топ мүшелерінде көптеген өзгерістер мен жаңалықтар болды. Құран оқушы 8 әпкеміз Алланың жәрдемімен дүниеге Құранмен нұрланған перзент әкелді. Рамазан айында 10 апамыз 33 күнге Ұмра қажылығын өтеп келді. Жұмагүл апамыз түсінде Пайғамбарымыз Мұхаммедті (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көріп, ол кісіге деген сағынышымызды арттырды. Алланың қалауымен ай сайын Ұмра қажылығына бару мүмкіндігін беретін шағын топ ашылды. «Мұсылманның мұсылманға жасаған дұғасы қабыл болады» демекші, жамағаттың дұғалары қабыл болып, тілегі орындалды.
Құран оқушылар тобы осындай нығыметке бөлеген Аллаға сансыз шүкірлігін білдіру әрі бір-бірін көріп-танысу мақсатында 17 желтоқсанда Алматыда шүкір шайын ұйымдастырған болатын. Кеш «Төле би» мешітінің бас ұстазы Гүлбадан ұстаздың Құран оқуымен басталды. Кештің арнайы қонағы Шәмшат Амангелдіқызы Құран сырлары мен ғажайыптарына бір саяхат жасап, Құран оқушы адамның сипаттарын атап өтті. Әйелдің қоғамдағы рөліне, ел дамуына, ұрпақ тәрбиесіне қосатын үлесіне жете тоқталып, осы істі тастамауға әрі білімге ұмтылуға, көркем мінезді болуға шақырды. Кешке келгендер Тәуелсіздік үшін күрескен есіл ерлердің рухына Құран хатым бағышталды.