Алматыда ұшақ құлап, 12 адам қаза тапты
Бүгін таңда Алматыдан Нұр-Сұлтанға бағыт алған «Бек Эйр» әуе компаниясының №Z2100 рейсі ұшу кезінде апатқа ұшырады.
Ұшақ бетон қоршауды сындырып, қос қабатты құрылысқа барып соғылған. Қазір оқиға орнында құтқару жұмыстары жүріп жатыр.
Болған жағдайға байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев апаттан қаза тапқан азаматтардың туыстарына көңіл айтып, зардап шеккендерге көмек жасалатынын жеткізді.
Президенттің Баспасөз хатшысы Берік Уәли «Президент зардап шеккендерге көмек көрсетілетінін хабарлады. Апаттың себебін анықтау үшін Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен арнайы үкіметтік комиссия құрылғанын атап көрсетті. Сонымен қатар кінәлілер заңға сәйкес қатаң жазаланатынын мәлім етті» деп хабарлады.
Мәліметтерге қарағанда, ұшақ бортында 95 жолаушы (оның 5-еуі экипаж мүшесі) болған. Қаза тапқандар саны 12 адамға жетті. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Әлібек Әбділов хабарлады.
Алла Тағала марқұмдарды рақымына бөлегей!