ҚҰРБАН АЙТ 2025: АЛМАТЫ ТҰРҒЫНДАРЫНА АЛҒАШҚЫ КҮНІ 9,5 ТОННА ЕТ ТАРАТЫЛДЫ

Алматы қаласы бойынша Құрбан айттың алғашқы күнінде 816 қой, 60 ешкі малы құрбандыққа шалынып, жалпы 2 378 отбасы мен 6 мекемеге 9,5 тонна құрбандық еттері таратылды.
Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлының қатысуымен «Құрбан айтта қуаныш сыйла» айдарымен ҚМДБ »Зекет және қайырымдылық қоры» Алматы өкілдігі бойынша жауапты мамандары қайырымдылық шарасын өткізді. «qurban.muftyat.kz» сайты арқылы онлайн тапсырыс бергендер мен тізім бойынша мұқтаж жалпы саны 2378 отбасына және қаладағы 6 мекемеге құрбандық еттерін таратты. «qurban.muftyat.kz» сайты арқылы қашықтан онлайн құрбандық шалуға ниет білдіріп, аталған сайт арқылы мал түрін таңдап, ақшасын аударған жандардың шалған құрбандықтары, осы сайт арқылы өтінім берген мұқтаж отбасыларына жеткізілді. Сондай-ақ мешіттерде, жеке үйлерде құрбандық шалып, етін мұқтаж жандарға өткіземін деушілерге құрбандық етін қабылдау пункттері қаланың 56 мешітінде де қойылған.
Арнайы мұздатқыштар орнатылып, рефрижератор тасымалдау көліктерімен қамтамасыз етілген. Қала тұрғындары өз үйіне жақын мешіттерге барып, құрбандық еттерін өткізе алады. Алла Тағала шалған құрбандықтарыңызды, ниет-дұғаларыңызды қабыл етсін!
Алматы өкілдігі бойынша баспасөз қызметі