1 АЙДА 1 КІТАП: «ИСЛАМ ӘДЕПТЕРІНІҢ ЭНЦИКЛОПЕДИЯСЫ» ОҚЫЛДЫ
Нұр-Мүбарак оқу-әдістемелік мешітінде жамағатқа арналған рухани кештер мен тағылымды кездесулер тұрақты түрде өткізіліп келеді. Сол игі бастамалардың кезекті жиыны жамағатқа арналған ерекше жоба — «1 айда — 1 кітап» рухани оқу бағдарламасына арналды.
Өткен басқосуда кітап оқудың адам өміріне берер пайдасы мен рухани кемелдікке жетелейтін артықшылықтары жайлы насихат айтылып, кітап оқуға дағдылану үшін қажетті іс-әрекеттер кеңінен баяндалды. Сондай-ақ уақытты тиімді пайдалану, күнделікті оқуға жоспар құру, тұрақтылық пен тәртіп секілді маңызды қағидалар да жамағат назарына ұсынылды.
Жобаның алғашқы кітабы ретінде «Ислам әдептерінің энциклопедиясы» еңбегінің таңдалуы бекер емес. Себебі бұл кітапта әрбір мұсылман баласына қажет болған көркем мінез, әдеп пен тәрбие мәселелері кеңінен қамтылған. Біздің мақсат — жамағаттың тек кітап оқып қана қоймай, ондағы әдептерді өміріне енгізіп, амал етуге ұмтылуы.
Жиын барысында мешіт шәкірттері мен жамағатқа әдептің Ислам шариғатындағы аса жоғары орны жайлы тағылымды насихат айтылып, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көркем мінезі — мұсылман үшін ең биік үлгі екені ерекше ескертілді.






