НАУРЫЗБАЙ АУДАНЫНДА «ҚҰДАЙЫ АС БЕРУДЕ ЫСЫРАПҚА ЖОЛ БЕРМЕУ» ҚҰЖАТЫ НАСИХАТТАЛДЫ

Наурызбай ауданы «Әбу-Бәкір» мешітінде «Құдайы ас беруде ысырапқа жол бермеу» (тәртібі мен мәзірі) құжатын насихаттауға арналған семинар өтті.
Аудан мешіттеріндегі ақсақал жамағаттар мен имамдарға арналған семинарда Алматы Орталық мешітінің наиб имамы Бекзат Сыздықов «Құдайы ас беруде ысырапқа жол бермеу» (тәртібі мен мәзірі) құжатын таныстырды. Аталған құжат Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ғұламалар кеңесінің бірнеше мәжілісінде талқыланып бекітілгенін жеткізді. «Бұл құжат еліміздің барлық аймағы бойынша құдайы астарды шариғат шеңберінде, салт-дәстүр аясында өткізуді насихаттайды. Сонымен қатар, кейбір отбасылардың әлеуметтік жағдайына салмақ салмайтын, ысырапқа жол бермейтін ас беру мәдениетін қалыптастыруды көздейді», - деп атап өтті.
Наурызбай ауданының бас имамы Бақытжан Көптілеуов құжаттағы құдайы ас беру мәдениетінің негізгі жеті тірегіне тоқталды. Шынайы ниет ету, құдайы асқа жиналу, Құран оқу, бата беру және дұға жасау, ысырапқа жол бермеу, құдайы аста уағыз-насихат айту және де марқұмды еске алу және қаралы отбасын жұбату, құдайы аста қарапайымдылықты сақтау сияқты тақырыпшалар төңірегінде сөз қозғады. Жиын барысында ақсақалдар құжат туралы пікір білдіріп, ойларын ортаға салды.
Алматы өкілдігінің баспасөз қызметі