НАИБ МҮФТИ «РАЙЫМБЕК БАТЫР» МЕШІТІНДЕ ЖҰМА УАҒЫЗЫН АЙТТЫ
Бүгінгі қасиетті жұмада ҚМДБ наиб мүфтиі Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы Медеу ауданы «Райымбек батыр» мешітінде жұма уағызын жүргізді.
Наиб мүфти Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы мешітке жиналған жамағатқа «Қоғамда мұсылманның рөлі мен жауапкершілігі» тақырыбында уағыз айтты. Жамағатқа: «Қоғам болғаннан кейін түрлі жағдайлар болады. Бір адам материалдық көмекке мұқтаж болса, енді бірі ақыл-кеңеске мұқтаж, ал тағы бір жандар қолдау, сүйенішке мұқтаж. Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірбаянын оқыр болсақ, осы аталған қызметтердің барлығы ол кісінің бойында болған. Барынша өзгелерге жәрдемші болып, қашанда сүйеу болуға тырысқан. Ендеше, ардақты Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үлгі еткен біздің де бойымызда осындай мейірім, жанашырлық қасиет болуы қажет», - деп атап өтті наиб мүфти.
Жамағатпен жұма намазы оқылып, жамағат ақсақалдарымен бірге еліміздің амандығы, жұртымыздың тыныштығы мен халқымыздың имандылығы үшін дұға жасалды.