НАИБ МҮФТИ «СҰЛТАН ҚОРҒАН» МЕШІТІНДЕ ЖҰМА НАМАЗЫН ӨТКІЗДІ
ҚМДБ Төраға орынбасары, наиб мүфти Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы Жетісу ауданы «Сұлтан Қорған» мешітінде жұма уағызын жүргізіп, жамағатпен жұма намазын оқыды.
Мешіт жамағатына алдымен Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ыстық сәлемін жеткізіп, «Жетімнің ақысы» тақырыбында жұма уағын айтты. Дін мен дәстүрін ұштастыра білген ата-бабаларымыздың «Жетім көрсең, жебей жүр, жесір көрсең, демей жүр», «Жерде жетім жыласа, көкте періште күңіренеді» деп жетімі мен жесірін еш уақыт жылатпай, халық болып қамқорлық еткенін жеткізді. Жетімнің ақылары, жетімге қамқорлық танытудың артықшылықтары жайлы тарқатып айтты. «Алла Тағаланың ризалығына лайық болуды қаласақ, жетімдерді қорғап, оларға қолдан келгенше, ие болып, оларды ауыр тұрмыс соққысынан, қиын жағдайдан құтқаруға тырысуымыз қажет. Алла Тағала біздерді шынайы ықыласымен жетім-жесірлерге қамқорлық етіп, өз ризалығына бөленген, екі дүние мұратына жеткен бақытты құлдарынан еткей!», - деп атап өтті наиб мүфти Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы.
Мүфтият биылғы жылды «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп атауына орай жамағат арасында ұлтаралық татулық пен тұрақтылықты сақтау маңызды екенін тілге тиек етті. Қасиетті күнде жамағатпен жұма намазын оқып, ел амандығы мен тыныштығы үшін бата жасады.
Алматы өкілдігі баспасөз қызметі