НАИБ МҮФТИ «АМАНҚҰЛ АТА» МЕШІТІНДЕ ЖҰМА УАҒЫЗЫН ЖҮРГІЗДІ
ҚМДБ Төраға орынбасары, наиб мүфти Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы Медеу ауданы «Аманқұл ата» мешітінде жұма уағызын жұргізіп, жамағатпен жұма намазын оқыды.
1 - қыркүйек Білім күнімен сәйкес келген қасиетті жұма қарсаңында мешіт жамағатына «Құран - сауатты болуды талап етеді» тақырыбында уағыз айтты. Асыл дініміз Исламда мұсылман адамның білім алып, оған амал етуінің маңызына тоқталып, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауты мен сәлемі болсын): «Білімді талап ету – әрбір мұсылманға парыз», – деп, білім алудың әрбір ер және әйел мұсылманға міндет екенін айтқанын жеткізді. «Білім алуға ықылас қойып, оған амал етуді көздеген адам мынадай амалдарға мән беруі қажет: әрдайым ізденісте болу, білетін адамнан (білім иесінен) үйрену, білім жолында кездесетін қиыншылықтарға сабыр ете білу, алған білімді өзгелерге үйрету», - деп атап өтті наиб мүфти Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы.
Жамағатпен жұма намазын оқып, ел амандығы мен тыныштығы үшін бата жасады. Сонымен қатар мешіт жанындағы «Көктөбе» қарилық медресесіндегі шәкірттермен жүздесіп, «Әдептілік иман мен исламның жемісі» атты тақырыпта дәріс жүргізді.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі