МЕДЕУ АУДАНЫНДА АУЫЗАШАР ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Медеу аудандық «Омар ибн әл Хаттаб» мешітінің ұйымдастыруымен ауызашар дастарханы жайылды.
Арнайы әзірленген ауызашар дастарханына «Зағип жандар» қоғамынан 50 кісі және 80 студент жастар шақырылды. Рамазан айының қасиеті мен маңызы жайлы уағыз-насихат айтылып, айлардың сұлтаны Рамазанмен құттықтады.
Рамазан – мейірім айы
Рамазан – Алла Тағаланың мейірімі түсетін ай. Бұл айда түсірілген Қасиетті Құран адамдарға мейіріммен түскен. Ол турасында «Жүніс» сүресінің 57-аятында: «Уа, адамдар! Сендерге Раббыларың тарапынан бір үгіт, жүректеріңе шипа, сенушілер үшін тура жол және мейірім түрінде (Құран) келді», – деп айтылған.
Алла Тағаланың мейірімі түсетін мұндай қасиетті айда адамдар да өзара бір-біріне мейірімді болуы қажет. Хадисте: «Адамдарға мейірімділік танытпағанға, Алла Тағала да мейірімдік етпейді», – деп айтылған (имам Бұхари, Мүслим).
Рамазан айында адамдарға мейірімділік таныту дегеніміз қарым-қатынас жасағанда көркем мінезді болу, қателіктерін кешіре білу, жомарттық жасап, мұқтаж жандарға көмектесу, садақа беру, өзге ораза ұстаушыларға ауызашар беру сынды ізгі істер жасау. Ардақты Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) тағы бір хадисінде: «Кімде-кім аузы берік болса, жаман сөз сөйлемесін. Дауыс көтеріп, айқай шығармасын. Біреу оған тіл тигізсе немесе онымен керіскісі келсе оған: «Мен оразамын» десін», – деп өсиет ету арқылы біздерге өзгелермен мейірімділіктің аясында қарым-қатынаста болуға шақырған.
дереккөз: muftyat.kz