МӘУЛІТ-2024: «МАҚТАУЛЫ МҰХАММЕД» ЖӘНЕ «ҮМІТ СӘУЛЕСІ» КІТАПТАРЫ ТЕГІН ТАРАТЫЛДЫ
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен өткізілген «Адалдық жаршысы – Мұхаммед (ﷺ)» тақырыбындағы рухани мәуліт кешіне келген көрермендерге «Үміт сәулесі» және «Мақтаулы Мұхаммед» кітаптары тегін таратылды.
Рухани астарлы бірқатар мазмұнды, өнегелі тақырыптар топтастырылған «Үміт сәулесі» кітабының авторы Қазақстан мұсылмандары діни басқарамасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы. Аят-хадистердің астарлы мәні түсіндіріліп, күнделікті өмірге қажетті ақыл-кеңестер мен мұсылмандық ізгі қасиеттер туралы жазылған кітап көпшілік қауымға арналған. Ал «Мақтаулы Мұхаммед» Пайғамбарды мадақтаған жырлар жиынтығы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ислам ғылыми-зерттеу институты «МUFTIYAT» баспасынан жарық көрген таңдаулы туынды. Бұл жыр жинағына ардақты Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мадақтаған жырлар, атап айтқанда сияр, нағт, миғражнама, мәуліт тағы басқа жырлар енгізілген. Жинақта екі дүние сардарының тарихи тұлғасы ұлықталып, әдеби бейнесі сомдалады. Сонымен қатар сыйлық жиынтық ішінде мүфтияттың мәуліт айына арналған «Иман» журналы мен «Мұнара» газеттері де тегін таратылды.
Рухани Мәуліт кешінің басты мақсаты – пайғамбарымызға салауат айту, оның асыл қасиеттерін дәріптеу, халық арасында имандылықты насихаттай отырып, тұрақтылық пен тыныштыққа үндеу болып табылады.
Алматы өкілдігінің баспасөз қызметі