БАС МҮФТИ АЛМАТЫ ОРТАЛЫҚ МЕШІТІНДЕ ЖҰМА НАМАЗЫН ЖҮРГІЗДІ
Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Алматы қаласындағы Орталық мешітте жұма намазын жүргізді.
Бас мүфти жұма құтпасында жамағатты тәртіп пен ізгілікке үндеп, қоғамдағы бейбіт өмір мен берекенің негізі жауапкершілік пен өзара сыйластықта екенін атап өтті.
«Жаратқан Алла қасиетті Құранда: «Жер бетін түзеп, жөнге келтіргеннен кейін, онда бүлік шығарып, бұзғыншылық жасамаңдар. Одан қорқып әрі мейірімінен үміт ете отырып дұға етіңдер. Шүбәсіз, Алланың рақымы ізгі жандарға өте жақын», – деген («Ағраф» сүресі, 56-аят).
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:
«Кім маған бағынса, расында, ол Аллаға бағынғаны. Кім маған қарсы келсе, расында, ол Аллаға қарсы келгені. Ал, кім басшыға бағынса, маған бағынғаны, кім басшыға қарсылық танытса, маған қарсы келгені», – деген (имам Бұхари).
Құрметті жамағат! Тәртіп бар жерде – береке бар, ал тәртіпсіздік орнаған жерде қасірет болады. Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы: «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» – деген. Егер әрбіріміз өз нәпсімізді тізгіндеп, аманатқа адал болып, заң мен әдеп шеңберінен шықпасақ, қоғам тыныштықтың мекеніне, берекенің ұясына айналады», - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Жұма намазынан кейін ҚМДБ Төрағасы жамағатпен бірге дұға жасап, Алла Тағаладан еліміз бен жеріміздің тыныштығын, амандығын тіледі.





