«ӘЛ-АЗИМ» МЕШІТІНДЕ «ӨНЕГЕЛІ АНА - ӨНЕРЛІ ҚЫЗ» ОТБАСЫЛЫҚ САЙЫСЫ ӨТТІ
Алатау ауданы «Әл-Азим» мешітінде ҚМДБ «Әйел-қыздар» секторы Алматы өкілдігінің ұйымдастыруымен «Өнегелі ана – өнерлі қыз» атты мазмұнды отбасылық сайыс өткізілді.
Сайысты мешіттің бас имамы Орынбасар Орынбайұлы Дауренбеков ашып, қатысушылар мен қонақтарға ізгі тілегін арнады. Шараның мақсаты – аналар мен қыздар арасындағы рухани байланысты нығайту екенін атап өтті. Ұлттық тәрбие мен имандылық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған сайысқа 5 жұп, анасы мен қызы бірге қатысты.
Байқау 5 кезеңнен тұрды:
1. «Таныстыру» – қатысушылар өзін қазақы нақышта, көркем тілмен таныстыру.
2. «Хадис – өмір айнасы» – берілген хадисті дін мен дәстүр тұрғысынан ашып түсіндіру.
3. «Ас мәзірі – береке бастауы» – қазақ дастарханының әдебі, тағамның мәні мен шариғаттағы орны.
4. «Бес ғасыр жырлайды» – қазақ жырауларының мұрасын мәнерлеп жеткізу.
5. «Тапқыр болсаң – тауып көр!» – тапқырлық сайысы.
Сайыстың қорытындысында ҚМДБ «Әйел-қыздар» секторы Алматы қаласы бойынша жауапты маманы, ұстазы Гүлмира Ілесбайқызы сөз сөйлеп, қатысушыларға алғыс білдірді. Қатысушыларға арнайы дастарқан жайылып, сыйлықтар табысталды.


