ӘСКЕРИ БӨЛІМДЕ СУИЦИДКЕ ҚАРСЫ УАҒЫЗ АЙТЫЛДЫ
ҚМДБ Алматы Орталық мешітінің наиб имамы Бекзат Сыздықов 7552 Әскери бөлімінде «Дін - өз-өзіне қол жұмсауға қарсы» тақырыбында сарбаздарға сұхбат-уағыз жүргізді.
Психогигиена және психопрофилактика апталығының жоспарына байланысты ауқымды мәселеге қатысты мерзімдік жеке құраммен бөлім психологы лейтенант Ибраймқұлова Гаухар Сайлауханқызының ұйымдастыруымен сарбаздармен дін мамандарының кездесуі өтті. Кездесуде Орталық мешіттің наиб имамы Бекзат Сыздықов әскери борышын өтеп жүрген сарбаздарға әрбір мүмін пенденің имани жағынан күшті болуы талап етілетінін айтты. Тіршіліктегі тақуыметтер мен қателіктер үшін торығу мен түңілуге салынып, өмірден баз кешіп, үмітсіз шайтанға еру ездің ісі, тіпті дінімізде үлкен күнә істерден екенін жеткізді. «Қасиетті Құранның Ниса сүресі, 29-30 аятында: «…Және де өз-өздеріңді өлтірмеңдер. Расында, Алла сендерге Мейірбан ғой. Ал кімде-кім дұшпандықпен, зұлымдықпен солай істейтін болса, Біз оны тозақта өртейміз. Олай ету Алла үшін оңай», - деп атап өтті имам.
Уағыз-сұхбаттасуда жергілікті шіркеу қызметкері Измеров Анатолий және 7552 әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Данияр Исаев та борышын өтеуші сарбаздарға насихат айтып, ұлт болашағына қызмет етулеріне сәттілік тіледі.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі