АЛМАТЫДА АС БЕРУ ТӘРТІБІ ТАЛҚЫЛАНДЫ (ФОТО)

Алматы шаһарында «Ас беру мәдениеті: салт сабақтастығы, ұрпақ ұлағаты» тақырыбында алматылық зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен пікіралмасу жиыны өтті.
Алматы орталық мешіті мен Қазақстан Жазушылар Одағы бірлесіп өткізген шараға Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының Төрағасы М.Құлкенов, ҚМДБ-ның «Дін мен Дәстүр» бөлімінің меңгерушісі Н.Есмағанбет, Алматы қаласының бас имамы Т.Оспан, Халық жазушысы С.Елубай, журналист М.Тоқашбаев және басқа да зиялы қауым өкілдері, Алматы қаласы әкімдігінің қызметкерлері мен имамдар қатысты. Жиынға ғалым Т.Қыдыр модераторлық етті.
Алғашқы сөз сөйлеген Мереке Құлкенов: «Бүгінде ақтық сапарға шығарып салу ісінде бірқатар бәсекелестік орын алып келеді. Осы тұрғыда мүфтияттың ас беруге қатысты арнайы құжат қабылдауы дер кезінде жасалған әрекет деп білемін. Жиында тақырыпқа қатысты ұсыныстарды тыңдап, ой пікірімізді ортаға салайық», - деп атап өтті.
Сонымен қатар Астанадан арнайы келген бөлім басшысы Нұрбек Есмағанбет еліміздің Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы хазреттің ыстық ықыласы мен сәлемін жеткізіп, ас беру тәртібін бірізділікке түсіруге қатысты өңірлерде жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.
«Құдайы ас беруде ысырапқа жол бермеу және марқұмды шығарып салу рәсімін бірізділендіру» тақырыбында арнайы баяндама жасаған бас имам Төлеби Дәділұлы: «Адам баласы тірі күнінде ардақты болғанындай қайтыс болғаннан кейін де сый-құрметін жоғалтпайды. Сондықтан марқұмды құрметтеп, лайықты түрде шығарып салу артында қалғандарға аманат. Өкінішке орай, осы рәсімді қоғамда әртүрлі негізсіз дүниелердің араласуымен атқарып жүргеніне куә болудамыз. Сол үшін марқұмды ақтық сапарға ҚМДБ қабылдаған құжат негізінде, шариғатқа және салт-дәстүрімізге сай шығарып салу тәртібін бекітуді ұсынамын. Бұл – жерлеу рәсімдерін бірізділікке салар еді», - деді. Сонымен қатар Төлеби Оспан қонақ асын үйде беру, жаназа намазын мешіт ауласынан шығару, ас дастарханын ҚМДБ бекіткен мәзірге сай өткізу және басын қарапайым етіп көтеру мәселесін қозғады.
ҚМДБ жанындағы Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры, ф.ғ.к., доцент Төрәлі Қыдыр «Ас берудегі дін мен дәстүр сабақтастығы» жөнінде және журналист, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ақсақалдар алқасының мүшесі Марат Тоқашбаев «Ас беруде ысырапқа жол бермеу» тақырыбында арнайы баяндама жасады.
Сондай-ақ, Қазақстан халық жазушысы С.Елубай, «Әбу Ханифа» ғылыми зерттеу орталығының директоры Ш.Керім және басқа да зиялы қауым өкілдері «Құдайы ас беруде ысырапқа жол бермеу» құжатына қатысты пікір білдіріп, мүфтият бастамаларын қолдайтындықтарын жеткізді.
Алматы өкілдігі
бойынша баспасөз қызметі