АЛМАТЫДА «ӘБУ ХАНИФА» МЕШІТІ АШЫЛДЫ (ФОТО)

Бүгін қасиетті жұма қарсаңында Алматы қаласы, Медеу ауданында жаңадан «Әбу Ханифа» мешіті қала тұрғындарының пайдалануына берілді.
Айтулы шараға Алматы қаласының бас имамы Т.Оспан, Медеу аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Әбдіраманұлы, ҚМДБ жанындағы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, белгілі журналист М.Тоқашбаев және қала тұрғындары мен имамдар қатысты.
Имандылық үйінің ашылу салтанатында сөз алған қаланың бас имамы Төлеби қажы Оспан жиналған жұртшылыққа Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазреттің құттықтау лебізін жеткізді. Жамағатты ынтымақ-бірлікке шақырып, мешіт салған кәсіпкер Самигуллин Рифатқа Бас мүфти алғыс хатын табыстады.
«Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен Алматы қаласындағы көне мешіттердің жерін кеңейтіп, орнына заман талаптарына сай, жаңа мешіт салу жобасын қолға алған болатынбыз. Бұл осы жоба аясында салынған екінші мешіт. Бұған дейін сыйымдылығы небәрі 130 адамдық болса, жаңа ғимаратқа 1000 адам сыяды. Атсалысқан азаматтарға Алла разы болсын!
Мешіт – тек құлшылық орны ғана емес. Ол – рухани орда, білім мен ғылымның мекені. Сондықтан мешітте келушілерге барынша қолайлы жағдай болуы тиіс. Жобаның негізгі мақсаты да осы. Жаңа мешіт халықтың игілігіне қызмет ететіндігіне сеніміміз мол», – деп атап өтті бас имам.
Алматы қаласы, Медеу ауданында 1998 жылы ашылған «Нұрлы» мешітінің орнына жаңадан салынған мешітке жамағаттың сұранысы бойынша мүфтият шешімімен Ханафи мәзһабының незігін қалаушы, Ислам ғұламасы «Әбу Ханифа» есімі берілді.
Естеріңізге сала кетсек, бұрынғы 2,5 шаршы метр жер телімінде орналасқан «Нұрлы» мешітінің жанынан жеке кәсіпкер Самигуллин Рифат Анварұлының демеушілігімен қосымша 11,7 шаршы метр жер телімі сатып алынды. Осылайша мешіттің жалпы аумағы 14 шаршы метрге ұлғайтылды. 1000 адамға арналған заманауи хайтек стиліндегі жаңа мешітте үлкен намаз оқу залы, әйелдер залы, дәретхана, техникалық бөлмелер орналасқан. Одан бөлек неке қию залы, құран оқитын бөлме қарастырылған құлшылық үйі қала көркіне сән беріп, жамағат көңілінен шықты.
Сонымен қатар жаңа мешітке Бас мүфти атынан Құран аяттары жазылған картинка мен «Muftyat» баспасынан шыққан кітаптар сыйға тарту етілді. Ал жамағат тарапынан мешіт салған кәсіпкер Самигуллин Рифатқа сәйгүлік ат мінгізді.
Ақсақалдар мен қала тұрғындары жаңа мешітте жұма намазын оқып, ел амандығы мен тыныштығы үшін бата жасады. Алла Тағала «Әбу-Ханифа» мешітінің ел ынтымағы мен бірлігіне және діни сауаттылықты арттыруға қызмет етуін нәсіп еткей! Әумин!
Алматы өкілдігі бойынша
баспасөз қызметі