Алматы: «Нұр» мешітінде 250 түп жеміс ағашы отырғызылды (ФОТО)
Бүгін, «ҚМДБ-ның 30 жылдық мерейтойына – 30 игі шара» жобасы мен «Бір тал кессең, он тал ек» көгалдандыру шарасы аясында, Алматы қаласы Алатау аудандық «Нұр» мешіті ауласына 250 түп жеміс ағашының көшеттері отырғызылды.
Бұл шараға Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқай, Алатау ауданының бас имамы Мади Ахметов, «Нұр» мешітінің бас имамы Олжас Сейдманов, «Шапағат» ықшам ауданының әкімі Тохтаев Тахир, Кабиров Ярмухаммед бастаған аудан ақсақалдары мен имамдары және мешіт жамағаты қатысты.
Шараға қатысушылар көктемнің алғашқы күндерінен қаламыздың гүлденуі мен Алланың үйінің көріктеуіне үлес қосып, дана халқымыздың «атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген өсиетін орындап, мешіт ауласына 170 түп алма, 30 түп өрік, 20 түп алмұрт және 30 түп шырша көшеттерін екті.
Жылда дәстүрге айналған көгалдандыру науқаны биыл да Алматы қаласы мешіттерінің рухани тұрғыда ғана емес, салауаттылық пен тазалық тұрғысынан да бірлікте екенін тағы бір дәлелдеді.
Шара барысында бас имам Еркінбек Шоқай «Нұр» мешіті жанынан жаңадан бой көтеріп, құрылысы Рамазан айында біткелі жатқан мешіттің қосалқы ғимаратын аралап көріп, жамағаттың толғандырған сұрақтарына жауап берді.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі