Алматы: «Алғыс айту күніне» орай мерекелік шара өтті (ФОТО)
Алматы қалалық Орталық мешітінің «Әйел-қыздар» секторы мен "Жәрдем" қайырымдылық қоры 1 наурыз – алғыс айту күніне орай, түрлі мекемелерде, қоғамдық орындар мен мешіттерде қызмет етіп жүрген әпке-қарындастарымызға құрмет білдіру мақсатында «Сіздерге алғыс айтамыз!» атты мерекелік шарасын ұйымдастырды.
Құрманғазы атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестірінің концерт залында өткен шараға Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқай, Алматы Орталық мешітінің бас ұстазы Талғат Сапанов және аталмыш мекеме қызметкерлері қатысты.
Мерекелік кеш "Almaty film academy" жанына құрылған театр жастары адам бойындағы ерік-жігер мен үмітсіздік, ақ пен қараның таласын бейнелейтін жырын оқумен басталды.
Сосын Алматы қаласының Бас имамы Еркінбек Шоқайға сөз берілді.
Бас имам: «Құрметті әйел-қыздар қауымы, сіздерді еліміздің айтулы мерекелерінің бірі – Алғыс айту күнімен құттықтай отырып, бір-бірімізге алғыс білдіру арқылы жанымызды жақындастыратын, қоғамды ынтымақ пен бірлікке үндейтін мерекелік кешке қош келдіңіздер. Расында біздің дініміз – алғыс айтудың, шүкіршіліктің діні. Оған Құран Кәрімдегі «Маған шүкірлік етіңідер», «Шүкірлік етсеңдер, нығметтеріңді аттырамыз» деген аяттар мен Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Адамға алғысы жоқтың, Аллаға алғысы жоқ» деген хадисі дәлел. Сондай-ақ, ата дәстүріміз де алғыс айту мен алғыс алуды үйрететеді», – деп құттықтау сөзін айтты.
Одан кейін қазақ қоғамындағы атақты әйелдер туралы бейне-ролик көрсетілді. Мешіт ұстаздары «Әрбір жақсы іс – садақа» тақырыбында насихат айтса, мешіт шәкірті Бүркітбай Кәусар уақыттың құндылығы жайында монолог оқыды. «Жәрдем» қорының қыздары жақсылық жасауға шақыратын көрінісін қойды. Дарын мектебінің оқушылары әсерлі өлеңдерін оқып берді. Сонымен қатар, мерекелік кеште қыз тәрбиесінің маңыздылығы туралы да айтылды. Құрманғазы атандағы концерватория шәкірттері күмбірлетіп күй шертсе, әнші қыздарымыз әннен шашу шашты.
Кеш барысында қонақтарға сөз берілді. Олар өздерінің жүрекжарды тілектерін айтып, ризашылықтарын білдірді.
Соңында "Әйел-қыздар" секторының басшысы Айнұр Игілікова қонақтарға алғыс хаттар табыстап, тойбастар сыйлықтарын тарту етті.