Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы хазреттің тапсырмасымен Алматы қаласындағы 31 мешітте «31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне» орай елі үшін адалдықтың үлгісі бола білген тұлғалардың рухына тағзым жасалып, Құран оқылып, дұға етілді. Сондай-ақ, аталған мешіттерде кешкі ауызашар дастарханында жамағатқа саяси жүйенің құрбандары болған боздақтарымыз жайында және ашаршылық уақыттағы нәубетті кездің қиындықтары туралы уағыз-насихаттар айтылды.
Соның ішінде Алматы қаласы Орталық мешітінде және Әуезов ауданындағы «Ақсай» мешітінде арнайы ірі қошқарлар құрбандыққа сойылып, жамағатқа ауызашар тағамы етіп таратты. Саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары да мешіттерге қонақ етіліп шақырылып, еске алу сәттерінің куәгерлері болды. Және Алматы қаласы Орталық мешітіндегі кешкі ауызашар сәтінде 500 адамға Құран Кәрім кітабы таратылды.
Алла Тағала елімізді түрлі апаттардан сақтап, тәуелсіздігімізді баянды еткей!
Алматы қаласы Орталық мешітінің Баспасөз қызметі