Қасиетті Рамазан айы әрбір мүміннің жақсылықтарда жарысып, қайырымдылық пен жомарттықтың нағыз шыңына шығатын берекелі ай екені сөзсіз. Осының айғағы ретінде Алматы қаласы Орталық мешіті және «Ихлас» қайырымдылық қауымдастығының ұйымдастыруымен «SOS Children’s Village Almaty» балалар ауласы» жастар үйіндегі тәрбиеленуші балаларға қайырымдылық көмек көрсетілді. Мұқтаждарға арналған зекеттің қаражатына 100-ге жуық бүлдіршінге спорттық аяқ киім таратылды.
Сондай-ақ, шара барысында Алматы қаласы Орталық мешітінің наиб имамы Ермек Көкірекбаев бауырмашылдық пен Рамазан айының артықшылығы туралы насихат айтты.
Қай уақытта болмасын жетімін жылатпаған қазақ «Жерде жетім жыласа, көкте періште күңіренер» деген қағидамен өмір сүріп, қолындағы барын жетімдерге үлестіріп тағдыр тауқыметін ерте көрген жеткіншектерге мейірім сыйлайтын. Міне, бүгінгі іс-шара да сол бабалар жолының жалғасып жатқанының дәлелі.
Алла Тағала қасиетті айдағы жасалып жатқан жақсылықтарға еселеп сауап жазғай!
Алматы қаласы Орталық мешітінің Баспасөз қызметі